Қазақстанда жалған көмек сұрап, елдің ақшасымен байып кеткендер көбейді

18 Наурыз, 09:30 4164

Қазақстанда краудфандингті жеке басын байыту мақсатында пайдалану жағдайлары жиілеп кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түрлі күмәнді мақсаттарға ақша жинауға 138 банктік карта (краудфандингке) тартылған.

Жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам қазақстандық өз ақшаларын жолдаған.

Бұл туралы ҚМА алаңында Дмитрий Малаховтың төрағалығымен өткен Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) алдын алу және терроризмді қаржыландыру мен жаппай қырып-жою қаруын тарату мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысы барысында белгілі болды.

Жалпы жиналған қаржы сомасы 6 млрд теңгені құрады, оның 33% (2 млрд) алаяқтық белгілері бар.

Әлеуметтік желілерде ұжымдық қаражат жинаудың қауіптері және оларды одан әрі мақсатсыз пайдалану анықталды.

ҚМА басшысы Д. Малахов жосықсыз азаматтар «ем» және «жағдайы төмен адамдарға көмек көрсету» үшін қайырымдылық қызметі мен көмек көрсету түріндегі қаражат жинауды кедергісіз және бақылаусыз жүзеге асыратынын атап өтті. Зиянкестер ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығындарға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсайды.

Жанашыр азаматтардың жақсы ниеті, «жалған» мұқтаждар үшін оңай табысқа айналуы мүмкін.

Отырысқа қатысушылар – АХҚО, қаржы реттеушілері және екінші деңгейлі банктердің өкілдері - краудфандингтік қызметті реттеу бойынша заңнамалық шараларды әзірлеу қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, краудфандинг – бұл жобаларды, бастамаларды және стартаптарды қаржыландыру үшін қолданылатын ақша жинаудың инновациялық тәсілі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: