Қазақстанда волонтерлік ұйымдар саны үш есе өсті

6 Маусым 2023, 16:00 1707

Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров айтты. Оның сөзінше, волонтерлер саны төрт есеге өскен.

Волонтерлік қозғалыс жалпыхалықтық қолдауға ие болған ауқымды жобаға айналды. Оған дәлел – пандемия жағдайында өткен еріктілер жылындағы халықтың шынайы қайырымдылық қасиеті мен азаматтардың туған ел мен жерге деген жеке жауапкершілігінің жоғары деңгейі, - деді ол.

Вице-министрдің сөзінше, елімізде волонтерлік қызметке қатысып жүрген азаматтар мен ұйымдардың қатары артып, бағдарламалар мен жобалар ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті. Соңғы үш жылдың өзінде волонтерлік ұйымдардың саны 3 есе артты, 2019 жылы – 224, 2023 жылы 673 болды, белсенді волонтерлер қатары 4 есе көбейді, 2019 жылы – 50 мың адам, 2023 жылы 200 мыңнан астам. Олардың 65%-і 29 бен 54 жас аралығындағы азаматтар.

Елімізде заңнамалық деңгейде волонтерлерді қолдау шаралары енгізілді. Оның аясында оқуға тапсыру мен жұмысқа орналасу кезінде жеңілдіктер қарастыру, волонтерлік ұйымдарға мемлекеттік мүлікті ақысыз негізде жалға беру қарастырылған, - деді Қадыров.

Вице-министр сөзіне сүйенсек, волонтерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында волонтерлердің республикалық және 20 өңірлік фронт-офисі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Олар жыл сайын 113 мыңнан астам волонтердің қатысуымен 6 мыңнан астам іс-шара өткізіп жатыр, - деді ол.

Сондай-ақ ол министрлік халықаралық волонтерлікті дамыту саласында бірқатар жұмыс жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.

Үкіметтің тікелей қолдауымен қазақстандық 7 волонтер БҰҰ Еріктілер бағдарламасының құрамында жұмыс атқарып жатыр, - деді ол.

Вице-министр сондай-ақ мұндай мүмкіндік әлем бойынша 16 мемлекеттің волонтерлеріне ғана қолжетімді екенін айтты. Олар: Австралия, Қытай, Чехия, Финляндия, Франция, Германия, Ирландия, Жапония, Қазақстан, Люксембург, Норвегия, Корея, Ресей, Испания, Швеция, Швейцария. Қазақстан - Орталық Азия елдері ішінде мұндай тәжірибені алғашқы қалыптастырушы.

Ол сондай-ақ форумның не себепті ұйымдастырылып жатқанын айтты.

Форумның негізгі мақсаты – волонтерлер қозғалысын дамыту және қолдау саласындағы қазақстандық тәжірибені таныстыра отырып, халықаралық аренада елдің оң имиджін қалыптастыру. Форумды дайындау жұмыстарына Қазақстандағы БҰҰ-ның Еріктілер бағдарламасының өкілдігі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығы, «Ұлттық волонтерлік желісі» және басқа да волонтерлік және халықаралық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынаста жүзеге асырылып жатыр, - деді ол.

Форум 34 шет елдің, Қазақстанның барлық өңірлері делегаттарының қатысуымен өтетін волонтерлік саладағы ірі халықаралық іс-шаралардың біріне айналады.

Барлығы 400-ге жуық адамның қатысуы жоспарлануда, оның 140-қа жуығы шетелдік қатысушылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері. Форумға қатысуға қызығушылық танытқандардың көптігіне және волонтерлердің ұсынысына орай, өңірлік қатысушы-волонтерлерді іріктеу
конкурсы өтті. Оның қорытындысына сәйкес 80 волонтер өңірлік делегаттар болып танылды. Дегенмен белсенді волонтерлік ұйымдарды форум жұмысынан тыс қалдырмау мақсатында қосымша шақыру қарастырылып жатыр, - деді ол.

Форум туралы ақпаратты тарату, кеңінен таныстыру мақсатында оның слоганы, хэштэгі мен логотипі бекітілген.

Форумның негізгі көрнекі бейнесі – «Ізгілік тегі» символы ретіндегі ДНҚ фрагменті. Себебі әрбір адамның генетикалық кодында тектің ерекше түрі бар. Бұл жынысына, жасына, ұлтына және басқа да ерекшеліктеріне қарамайтын, барлық адамдарға тән «Ізгілік тегі». Сол себепті логотипте адамзаттың өзара көмек пен ынтымақтастыққа дайындығын білдіретін волонтер сұлбасы бейнеленген. Форумның ұраны «Тектегі ізгілікті оят!» деп алынудың өзі осы форум баршаны өз бойындағы ізгілікті оята отырып, жақсылық жасауға шақырудың жаршысына айналатындығын көрсетеді, - деді ол.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: