Қазақстанда вейптерге тыйым салына ма?

18 Мамыр 2023, 15:50 1100

Орталық коммуникациялар қызметі «Қазақстандағы вейп эпидемиясының проблемалары және шешу жолдары» туралы дөңгелек үстел отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева темекі индустриясының дамуы мен нарықта оның жаңа түрлері пайда болып жатқандығы туралы айтты.

Бұл өнімдердің құрамында никотин бар. Ол жүйке, жүрек, өкпе, ас қорыту органдарына кері әсерін тигізеді. Халықтың денсаулығын қорғау мақсатында денсаулық сақтау жүйесі уақытылы шара қолдануы тиіс, - деді ол.

Сондай-ақ Гүлнәр Еділқызы кәсіпкерлердің тауарды сатуға қатысты ережелерді сақтамайтынын атап өтті.

Вейптерді тұтынуды төмендету мақсатында Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексінде 21 жасқа дейінгі адамдарға темекі өнімдерін сатуға тыйым салу нормалары қарастырылған. Яғни 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап темекі өнімдерін сатып алуға тыйым салынды. Өкінішке қарай, кәсіпкерлер бұл талапты ескермей жатыр, - деді Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары.

Гүлнәр Сәрсенбаеваның айтуынша, бүгінде 33 мемлекет вейп өнімдерін сатуға, ал 79 мемлекет вейптерді қоғамдық орындарда қолдануға тыйым салған.

Мәжілістің өткен шақырылымының депутаттары вейп өнімдері айналымынан, хош иістендіргіш пен оларға арналған сұйықтықтардан мүлде бас тарту туралы ұсыныс айтқан болатын. Денсаулық сақтау министрлігі бұл ұсынысты қолдап, 2021 жылдан бастап тиісті жұмыстарды атқарып келеді. Бұл мәселе әлі де қарастырылып жатыр, - деді Гүлнәр Еділқызы.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: