Қазақстанда үйлену тойына қанша қаражат қажет

14 Шілде, 18:48 860

«Той дегенде қу бас домалайды» дейтін қазақ тойға ерекше мән береді. Әсіресе бүгінгідей мүмкіндіктің көбейген заманында той істеу үшін қанша ақша шашамын десең де өз еркің. Бұған үндістандық миллиардер Мукеш Амбани ұлы Анант Амбанидің үйлену тойына 350 миллион доллар, яғни теңгемен 165 миллиард теңге жұмсауы дәлел болса керек. Осы орайда Kazinform Қазақстанда қазіргі уақытта орташа есеппен тойға қанша қаражат кететінін есеген екен. Сол статистиканы назарларыңызға ұсынамыз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде той ұйымдастыру деген де үлкен бизнес түріне айналып барады. Тек соларға төлейтін ақшаң болса болғаны.

Елімізде той шығыны оның қай өңірде, ауданда немесе қалада жасалатынына байланысты өзгеріп отырады. Үйлену тойына кететін қаражат ірі мегаполистер мен соларға жақын орналасқан жерлерде арта береді. Ең қымбат мейрамханалар негізінен  Астана мен Алматы қалаларында екен.

Бұл тиімді индустрияың қанатын кеңінен жаюына ұйымдастырушылар, рестораторлар, кондитерлер, зергерлер, тігіншілер, сұлулық салондары, дизайнерлер, әртістер, музыканттар, мобилографтар, флористер мен өзге де сала өкілдері мүдделі. Қазақта түрлі дәстүрдің бар екенін ескерсек, кәдесыйлар жасайтын саудагерлер де той маусымын асыға күтіп отырады. Ал баға әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты соңғы жылдары күрт өсіп кетті, бірақ мұның өзі көл-көсір дастархан жайып, жұртта болмаған той жасаймын дейтіндерге тосқауыл емес.

Сарапшылар пікірінше, биыл 100 адамға арналған үйлену тойына кететін орташа бағаны алар болсақ, неке сақиналарынан бастап киім-кешек және салтанатты кешті қоса есептегенде, шамамен 7-10 миллион теңге кетеді. Бұл үнемделген нұсқа деп те айтуға болады. Ал лакшери стиліндегі тойлар 40-50 миллион теңгеден басталып, әрі қарай кете береді.

Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігіндегі бағаларда да айтарлықтай айырмашылық бар болып шықты: мысалы, солтүстік өңірлерде 100 адамға арналған банкет залындағы тойға шамамен 2,5-3 миллион теңге жұмсалса, оңтүстікті 1,5-2 миллион теңге қажет екен. Мысалы ретінде Таразды алсақ, 40-50 шақты тек ең жақын деген туған-туыстар жиналған беташар мен құдалықты жасау үшін 4 миллион теңге кетеді, оның ішінде мейрамханасы, шапаны, алтыны мен тойбастары және сыйлықтары бар.

Ұлттық дәстүрде шағын әрі шығыны аз той өткізу солтүстік өңірлерде жиі кездеседі екен. Ал оңтүстікте жағдай барған сайын күрделеніп барады деп санайды сарапшылар.

Оңтүстік тұрғындары дәстүрді барынша сақтап, тиісінше құдалар мен туыстарға сыйлық жасауға көп шығындалады. Той кезінде келіннің анасына алтын бұйымдар, тіпті тонға дейін сыйлауы мүмкін. Үлкен кісілерге шапан, орамалдар, күмістен жасалған зергерлер бұйымдар, сағат тағып жатады. сыйлықтың өзіне кететін шығын 100 мың теңгеден басталады. Бәрі некелесіп жатқан жас жұптың жағдайына байланысты.

Дәстүр бойынша, жас жұптың үйіне керек-жарақтың бәрін қалыңдықтың ата-анасы алып береді. Бұған тұрмыстық техника, жиһаз, ыдыс-аяқ, көрпе-төсек пен сандық түгел кіреді. Одан бөлек қыз балаға берілетін киім-кешек тағы бар. Тиісінше қыздың жасауына кем дегенде 2 миллион теңге қажет болады.

Ал ана сүті деп қой немесе соның ақшасын береді. Бұл енді кемінде 50-75 мың теңге. Қалыңмалға берілетін ақша 1 миллион теңгенің шамасында, қалталылар одан да көп беретіні анық.

Соңғы уақытта ысырапшылдықтан қашатын жастар арасында үйлену тойының орнына некелесіп, сонан соң бұл айтулы іс-шараны отбасы мен достарының ғана басын қосып атап өтетін жағдайлар көбейіп келеді. Ондай кезде екі тарап та қалың мал, бір-біріне шапан, жауып, зергерлік бұйымдар тағып әуре болмайды. Одан қалды тойда түрлі себеттер беру де сәнге айналып келеді. Мұндайда бір себетті нанның түрімен, тәттілермен немесе шай, кофенің түрлерімен, спирттік ішімдіктермен, жемістермен немесе кептірілген жеміс-жидекпен толтырады. Мұндай себеттің орташа құны 20-60 мың теңге тұрады.

Жер үйі бар адамдар тойды өз үйінде де өткізе береді. Бұл тойға кететін шығынды анағұрлым азайтары анық. Сонда шығын азық-түлік пен сыйлықтар, аспаз және даяшылар жалдасаңыз, сол кісілердің қызметінің ақысына кетеді. Бұл қызмет бағасы да әртүрлі, 50-70 мыңнан басталып, олардың санына қарай өсе береді.

Үйлену тойына кететін шығынның орташа бағасы

— Көйлек, туфли, сырға, алқа, макияж бен қалыңдықтың гүл шоғы — 100 мыңнан басталып 2 миллион теңгеге дейін.

— Күйеу жігіттің костюмі, жейдесі, туфлиі — 500 мың теңгеге дейін.

— Неке жүзігі — 250 мың теңгеден басталады.

— Салтанатты некелесу рәсімі — 20 мың теңге, арнайы маман шақыртсаңыз, 50 мың теңгеге дейін, некені тіркеу рәсімі 1 АЕК — 3 692 теңге. Астана мен Алматыда бұл рәсімдер —100 мың теңгеден басталады.

— Love story түсірілімі — 100 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін.

— Той кортежі — 40 000 мың теңгеден басталып 1 миллион теңгеге дейін.

— Тойхананы жалға алу құны — 500 мың теңгеден басталып 10 миллион теңгеге дейін.

— Той дастарханына арналған азық-түлікке кететін шығын — 1,5-2 миллион теңге, бұл ақша алкогольді қосыңыз (қазір елімізде халал той өткізетіндер көбейген).

— Тойханада әрбір орын үшін — өңірлерде 4 мың теңгеден басталса, мегаполистерде 20 мың теңгеге дейін.

— Залды сәндеуге, фотоаймақ ұйымдастыруға кететін шығын — 500 мың теңгеден басталып, 10 миллион теңгеге дейін.

— Музыканттар, вокалистер, бишілер — 1,5 миллион теңгеге дейін, жұлдыздар — 5 миллион теңгеден басталады.

— Асаба, бәрі оның танымалдылығына байланысты — 500 мың теңгеден басталып, 1,5 миллион теңгеге дейін.

— Үйлену тойының түсірілімі — 800 мың теңгеге дейін.

— Тойдың торты — 200 мың теңгеге дейін,

— Тойбастар, қоржын, кәдесыйлар — 1 миллион теңгеден жоғары.

Естеріңізде болса, бұған дейін әншілердің мерекелік іс-шараларда өнер көрсеткені үшін қанша ақша алатыны туралы жазғанбыз. Жұлдыздардың арасында тойдағы сыйақысы жағынан Қайрат Нұртас көш басында тұр екен. Егер оны мерекелік іс-шараңызға шақырамын десеңіз, онда 7 мың доллар төлеуге дайын болыңыз.

Respublika.kz.media сайтында келтірілген дерек бойынша, Ерке Есмаханның да сыйақысы Қайратпен бірдей, яғни 7 мың доллар. 

Екінші орында Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов тұр. Жұлдызды жұп «тұсаукесерде» ән айту үшін 5 мың доллар сұрайды.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: