Қазақстанда тұрғын үй бағасы бір жылда қалай өзгерді

9 Ақпан, 21:10 785

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда (2024 жылғы қаңтармен 2023 жылғы қаңтарды салыстырғанда) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 2,9% өсті, ал қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағалары 4,4% төмендеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы қаңтарда 4,3% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтер нарығында жылдық мәнде баға Қызылорда және Қостанай қалаларында қымбаттады, тиісінше 11% және 6,2%. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің лидері – Атырау (8,2%) мен Жезқазған қалалары (5,4%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (26,7%), Қарағанды (23%) және Атырау қалалары (21%), - делінген мәліметте.

Бір айдың ішінде (2024 жылғы қаңтарда 2023 жылғы желтоқсанға қарағанда) жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,2% өсті, ал пәтерлерді қайта сату 0,4% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі қаңтарда өткен аймен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.

2024 жылғы қаңтар айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 713 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 068 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 25 645 мәміле жасалды. 2023 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда (37 818) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 16,1%-ға көбейді. Мәмілелер саны бойынша бұрынғысынша Алматы (8 246 – 26%) және Астана (5 623 – 17,7%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 274 – 7,2%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 265 бірлік (0,8%).

2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2024 жылғы қаңтарда мәміле бойынша теріс көрсеткіш, Алматы қаласын қоспағанда, Қазақстанның барлық аймағында байқалды, онда 8,6% өсім тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Түркістан (43,1%), Ұлытау (40,7%), сонымен қатар Батыс Қазақстан (35,9%) облыстарында орын алды.

2023 жылғы желтоқсанға қарағанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 13,3% (3 935 мәмілеге) азайды. 2024 жылдың қаңтар айында пәтерлер бойынша барлығы 25 645 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 80,9%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (30,5%), Астана (21,7%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,5%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым, 2024 жылдың қаңтар айында олар бойынша 9 903 мәміле ресімделген, - деп қосты бюродағылар.

2023 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда, 2024 жылдың қаңтарында жеке тұрғын үйлер бойынша да мәмілелер саны кеміді – 26,3% (2 170 мәмілеге) азайып, 6 068-ді құрады. Сонымен қатар, теріс көрсеткіш барлық дерлік аймақта тіркелді. Жеке тұрғын үйлерді алып-сату бойынша айтарлықтай тұрақтылық Солтүстік Қазақстан облысында байқалды, мұнда өсім не бәрі – 0,9%. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Астана қаласында (-53,3%), Қызылорда (-38,6%) және Батыс Қазақстан (-38,5%) облыстарында орын алды.

2024 жылдың қаңтарында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 2023 жылдың тиісті айымен салыстырғанда 30,5%-ға көбейген, ол кезде 24 294 мәміле ресімделген болатын. Оң көрсеткіш, Маңғыстау және Ұлытау облыстарын қоспағанда, еліміздің барлық аймағында тіркелді, аталған өңірлердегі төмендеу тиісінше 7,4% және 7%. Ұлғаюдың ең жоғар көрсеткіші Павлодар облысында (58,2%).

Перизат Саденова
Бөлісу: