Қазақстанда тұңғыш рет көпұлтты «Бірлік ансамблі» құрылды

29 Қаңтар, 13:20 917

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2024 жылғы 1 наурыз - Алғыс айту күні, жаңа «Бірлік ансамблі» атты ән-би ұжымының тұсаукесер концерті өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шығармашылық ұжым Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының жанынан жанды аспаптық сүйемелдеумен әлем халықтарының билерін зерделейтін және кәсіби деңгейде орындайтын халықаралық ұжымды қалыптастыру, өскелең ұрпақты басқа ұлттардың өнері мен мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ қоғам санасында мәдени код ретінде көп ұлтты Қазақстан халқының бірлігін нығайту мақсатында құрылды.

Өз ісіне, өнеріне жан-тәнімен берілген дарынды әртістердің арқасында біздің бай мәдениетіміз бен тарихымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халықаралық ареналарда айқын көрініске ие. Бүгінде елімізде 25 ансамбль жұмыс істейді. Қазақстан мен ТМД елдері тарихында тұңғыш рет көпұлтты ән мен би ансамблін құрдық. Ұжымның бірегей репертуары қазақ халқының тарихымен және тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуымен тығыз байланысты 130 этностың музыкалық мұрасы мен өнерін қамтиды. Ансамбльдің тұсаукесері Алғыс айту күніне орайластырылған. Ансамбль әртүрлі халықтарды біріктіретін бірлік пен үйлесімнің нышанына және Қазақстанның брендіне айналатынына сенімдімін, - деді Аида Балаева.

«Бірлік ансамблін» құру бойынша жұмыс аясында кастинг өткізілді, онда әр алуан ұлт өкілдері мен мультиинструменталистер арасынан 20 үздік биші мен музыкант таңдалды.

1 наурыз күні көпшілік және жеке хореографиялық шығармалар, аспаптық және вокалдық нөмірлер орындалады. Би нөмірлерін және бірегей би композицияларын қою мақсатында бірлескен жұмыс пен тәжірибе алмасу үшін көрнекті шетелдік хореографтар, Ресей, Татарстан, Өзбекстан және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері шақырылды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: