Қазақстанда төтенше жағдайлар үшін әмбебап бөлімшелер құрылады

12 Қараша, 10:24 293

Төтенше жағдайлар министрлігі елімізде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде. Бұл туралы министр Шыңғыс Әрінов премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, ТЖ-ға жедел дайындықты арттыру аясында Ақмола облысында өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімшелер құру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл зардап шеккендерді құтқару ісін жедел әрі кешенді түрде жүзеге асыруға және оларға алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өрт сөндіру деполарының құрылысына жаңа стандарттар енгізілуде. Мысалы, биылғы тамыз айынан бастап Астанада 3,5 айда тез салынатын құрылымдардан тұрғызылған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Мұндай құрылыс қағидаты барлық өңірде енгізілетін болады. Жалпы, еліміз бойынша 121 өрт сөндіру депосы қажет. 

Материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту шеңберінде алғаш рет биік ғимараттарды сөндіруге арналған 2 өртке қарсы дрон сатып алынады. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, сондай-ақ лизингке 728 бірлік арнайы техника, 18 мыңнан астам құрал-жабдықтар сатып аламыз. Аудандық бөлімшелердің қажеттіліктері үшін техниканы бірінші кезекте бөлеміз, — деді министр.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: