Қазақстанда Су ресурстарының ақпараттық орталығы құрылады

18 Қараша 2023, 17:54 758

Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы Үкіметтің бекітуіне желтоқсан айында енгізіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз конференциясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті. Сала басшысы аталған құжатта қарастырылған бірқатар шаралар туралы айтып берді.

Солардың бірі – даму жөніндегі халықаралық әріптестермен бірлесіп Қазақстан мен Орталық Азияның трансшекаралық су объектілерінде суды есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу жөніндегі жоба әзірленетінін хабарлады. Тіршілік нәрінің мөлшерін есептейтін автоматтандырылған жүйені құру жұмыстары Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және өңірлік дамыту» жобасы бойынша Қызылорда облысы шегінде Сырдария өзені бассейнінде пилоттық негізде жүзеге асырылмақ. 


Министрдің айтуынша, ең бастысы, су ресурстарының ақпараттық орталығын құру көзделген.

«Бұл су ресурстары туралы барлық деректерді автоматты режимде ұсынуға, гидрометеорологиялық мониторинг жүйесі негізінде су тасқыны жағдайларын модельдеуге, трансшекаралық су объектілері бойынша деректерді талдауға мүмкіндік береді», - деді сала басшысы.

Бұған қоса, жер асты сулары мониторингінің мемлекеттік желісін қалпына келтіру көзделген. Ал Су кодексінің жаңа редакциясында су үнемдеу жөніндегі жалпыұлттық саясатты қалыптастыру және дамыту енгізілген. Салаға инвестиция тарту мәселесі де қарастырылған.

«Су кодексінің жаңа редакциясында инвестициялық саясаттың негізгі қағидаттарының бірі мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы инвестициялар тартуды ынталандыруды енгізу жоспарлануда. Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу үлесін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу», - деп баяндады Нұржан Нұржігітов.

Асқар Таудай
Бөлісу: