Қазақстанда спорт түрлерінің саны 3 есе қысқарады

29 Қаңтар, 17:08 365

Мәжілісте спортқа қатысты заң екінші оқылымда қабылданды. Заңды дайындауда жұмыс тобында болған Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нартай Аралбайұлы Мәжіліс депутаттарының бір жыл бойы істеген жұмысының нәтижесіне қол жеткізгенін айтып, спортта қандай өзгерістер болатынын тізіп берді.  

Елімізде 180-нен астам спорт түрі болса, оның саны  3 есеге қысқарып, 65-і ғана қалды. Мемлекет енді тек соларға ақша бөледі. Біз заңның ішіне «Жоғары жетістіктер спорты» деген түсінікті енгіздік. Оған Олимпиада, Параолимпиада, Сурдлимпиада, Азияда, Паразияда және ұлттық спорт түрлерінің бағдарламасына кіретін спорттар ғана енеді. Қалғандары мүлдем болмайды, - деп атап өтті ол.

Мәжіліс депутатының сөзінше, енді Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын спортшыларға бюджет есебінен қаржы бөлуге тыйым салынады. Яғни трансфері, айлығы және бонусы берілмейді. Квазимемлекеттік секторы қаражаты есебінен де қаржы бөлінбейді.

Бұдан бөлек, елімізде түрлі федерация бар. Оны экс-олигархтардың да, экс-шенеуніктердің де басқарып отырғанын көрдік. Кім басқарса да қарсылық жоқ. Бірақ олар бюджеттің ақшасына ортақтаспай, өзінің де қаржысын салып, спортты дамытса құба-құп болар еді. Алайда өкінішке қарай, федерациялар бюджеттен ақша игереді. Сөйтіп, қаражатты қолды қылды деген жайттар анықталады. Бірақ оларды қоғамдық бірлестік болғаннан кейін алып тастау мүмкін емес. Біз сондықтанда «Ұлттық спорт федерациясы» деген түсінік енгіздік. Енді елімізде Ұлттық спорт федерациясы және Жергілікті спорт федерациясы ғана болады, - деді депутат.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, аталған заң күшіне енген соң, қоғамдық бірлестік туралы заңға сүйенетін болсақ, Қазақстандағы барлық федерацияның аккредитациясы бір күнде күшін жояды. «Ұлттық спорт федерациясы» деген аккредитацияны алу үшін ҚР Туризм және спорт министрлігіне қайтадан келіп, тіркелу керек болады.

Одан бөлек, елімізде кейбір спорт федерациялары ұқсас спорт түрлерінің бәрін құрамына қосып алған. Бір спорт федерациясы 10-12 спортты бекіткен. Бәрі қыруар ақша алады. Сондықтан біз бір спорт федерациясы бір ғана спорт түрімен аккредитация ала алады деген норма енгіздік, - дейді ол.

Мәжіліс депутаты заңға «Спортшыны алып жүретін тұлға» деген түсінікті енгізгендерін де айтты.

Елде болсын, шетелде болсын спорт сайысына баратын бірінші топ мүгедектерінің әрқайсының қасында бірге жүретін тұлға болады. Оның шығыны мемлекет бюджеті есебінен төленеді, - деді Нартай Аралбайұлы.

Елдегі 65 спорттың 20-ға жуығы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған спорт түрлері болады.

Заңға «Басым спорт түрлері» деген тағы бір түсінік енгіздік. «Жоғары жетістіктер спорты» ішінде жақсы нәтиже көрсеткен, медаль алған, елдің рейтингін көтергендер «Басым спорт түрлері» ретінде қосымша мемлекеттен қаржы алу мүмкіндігіне ие болады, - дейді депутат.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: