Батыс Қазақстан облысында «Рожковское» ірі газ конденсаты кен орны өнеркәсіптік пайдалануға берілді. ҚР gремьер-vинистрі Әлихан Смайылов телекөпір режимінде табиғи газ және конденсат өндіру жобасын іске қосу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Газ конденсаты кен орны 2008 жылы кең ауқымды геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде ашылды. 2040 жылға дейін мұнда 14,2 млрд текше метр шикі газ және 7,1 млн тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр. «ҚазМұнайГаз» (50%), мажарстандық MOL Group (27,5%) және қытайлық Sinopec (22,5%) компаниялары кіретін бірлескен кәсіпорын жер қойнауын пайдалану құқығына ие. Бүгінгі таңда шамамен $534 млн инвестицияланды.
Премьер-Министр бұл жобаның стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Ол Мемлекет басшысының жаңа газ кен орындарын барлау және игеру жұмыстарына инвестиция тарту туралы тапсырмасын орындау аясында іске асып жатыр.
”Рожковское” кен орны қосымша табиғи газ көзіне айналады. Кен орнында өндірілетін шикізат “Жайықмұнай” компаниясында өңделетін болады. Аталған жоба шетелдік компаниялармен серіктестікте жүзеге асырылып отыр, ол қажетті жобалық шешімдерді дайындау мен қолдану барысында озық халықаралық тәжірибені қолдануға мүмкіндік берді, — деді Әлихан Смайылов.
Олардың барлығы жылына 2 млрд текше метрден астам қосымша газ көлемін өндіруге мүмкіндік береді. Бұдан басқа халықаралық компаниялармен бірлесіп, 12 перспективалық геологиялық барлау жобасы, сондай-ақ қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау жобалары пысықталып жатыр, — деді Премьер-Министр.
Мемлекет басшысы 2030 жылға қарай тауарлық газ өндірісінің көлемін 30 млрд текше метрге дейін жеткізу бойынша мақсат қойды. Осыған байланысты “Қашаған” және “Қарашығанақ” кен орындарында, сондай-ақ “Жаңаөзен” қаласында жаңа газ өңдейтін зауыттар салынады, — деді Әлихан Смайылов.
Мамыр айында “Оңтүстік Ақсай”, желтоқсан айының басында “Шығыс Өріктау” кен орнын іске қостық. Осы жылды “Рожковское” кен орнын пайдалануға бере отырып қорытындылаймыз. Жоба Батыс Қазақстан облысының әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді. Жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесі 74%-дан төмен болмады, — деді ол.
Жомбор Мартон «Рожковское» кен орнын игеруге дайындық сапалы және уақытылы жүргізілгенін атап өтті.
Біздің компаниялар тиімді түрде бірлесіп жұмыс істеудің дұрыс жолдарын тапты. Бұл аталған кен орнының әлеуетін ашуға мүмкіндік берді. Әлі алда жұмыс көп. Осы жаңа кезеңге қазақстандық және қытайлық серіктестерімізбен бірге қадам басқанымызға өте қуаныштымыз, олардың кәсібилігіне сенім арта аламыз, — деді MOL Group вице-президенті.
Біздің компанияның өнеркәсіп қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жоғары стандарттарды сақтай отырып, осындай кен орындарын игеруге қажетті білімі мен тәжірибесі бар. Жұмыстарды жүргізу кезінде осыған басымдық беріледі, — деді ол.