Қазақстанда қыс мезгілінде қайда демалуға болады?

5 Қараша, 17:55 562

Қазақстан – табиғи сұлулығымен, тарихи және мәдени байлығымен танымал ел. Қыс мезгілінде еліміздің әртүрлі аймақтары ерекше сұлулыққа бөленіп, саяхатшылар үшін тамаша демалыс орындарына айналады. Туризмді дамыту рейтингінде 52-ші орынға көтерілген Қазақстан шетелдік туристерді тарту үшін инфрақұрылымды жақсартуда. Бүгінде елімізге келетін саяхатшылардың саны артты және олардың арасында Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия және АҚШ азаматтары бар. Қыста Қазақстанда демалуға болатын түрлі орындар, белсенді спорт түрлері мен табиғаттың ғажайып көріністері туристер үшін ұмытылмас әсер қалдырады.

Қазақстан туризмді дамыту рейтингінде 52-ші орынға көтерілді

Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның туризмді дамыту рейтингінде айтарлықтай алға жылжып, бірнеше орынға көтерілді. Бұған дейін 66-шы орында тұрған еліміз биылғы көрсеткіш бойынша өз позициясын жақсарта отырып, 119 елдің арасында 52-ші орынды иеленді. 117 ел қамтылған өткен жылғы рейтингте Қазақстан 66-шы орынды алған еді.

Елімізге 6 айда 566,5 мың шетелдік турист саяхаттады

Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, 2024 жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға 566,5 мың шетелдік турист саяхат жасады. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,7 мың адамға артық, себебі былтыр алғашқы жартыжылдықта 515,8 мың шетелдік турист елімізге келген.

Статистикаға сәйкес, Қазақстанға келетін туристердің географиясы жыл сайын кеңейіп келеді. Бұрынғыдай жақын көршілерден ғана емес, мұхиттың арғы бетіндегі мемлекеттерден де саяхатшылар келе бастады. 2024 жылдың бірінші жартысында елімізге келген туристер саны бойынша ТОП-5 елдің қатарында Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия және АҚШ бар.

2024 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға ең көп турист Ресей Федерациясынан келген, олардың саны – 186,1 мың адам. Екінші орында Қытай (69 918 адам), үшінші орында Үндістан (53 695 адам) тұр. Сонымен қатар, үздік бестікке Түркиядан келген 30 312 және АҚШ-тан келген 19 597 саяхатшы енді.

Елімізге Үндістан, Түркия және АҚШ сияқты елдерден келетін туристер санының артуы Қазақстанның әлемдік туристік картада жыл өткен сайын тартымды бағытқа айналып жатқанын көрсетеді. Біз туристік инфрақұрылымды дамытуды және әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз, – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.

Қыста саяхаттауға арналған демалыс орындары

Қазақстан – табиғи әсемдігімен және климаттық ерекшеліктерімен танымал. Әр аймақтың қысы өзіндік ерекшелікке ие, бұл саяхатшылар үшін көптеген мүмкіндіктер ұсынады. Қыс мезгілінде еліміздің кез келген жерінде тамаша демалыс өткізуге болады. Осы ретте қысқы демалысқа арналған ең танымал орындарды, әр аймақтың артықшылықтары мен демалыс түрлерін қарастырамыз.

Алматы облысы – қыста демалу үшін ең керемет орындардың бірі. Мұнда таулы аймақтар мен көркем табиғат, заманауи курорттар, мәдени орындар көп, бұл әртүрлі демалыс түрлерін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Мәселен, Шымбұлақ – Алматы облысындағы қысқы спорт орталығы. Мұнда шаңғы мен сноуборд тебу, фристайл секілді түрлі белсенді демалыс түрлерімен айналысуға болады. Әртүрлі деңгейдегі трассалар бар: жаңадан бастағандардан бастап кәсіби спортшыларға дейін арналған. Сонымен қатар балалар мен отбасылар үшін де қолайлы шаңғы трассалары бар. Шаңғы мен сноубордты жалға беру мен инструкторлар, түнгі трассалар, мейрамханалар, демалыс орындары қарастырылған.   

Медеу – әлемдегі ең биік орналасқан ашық мұзайдындардың бірі. Мұнда коньки тебу – ең танымал демалыс түрі болып саналады. Сырғанау алаңы Алматы қаласынан бірнеше шақырым жерде орналасқан, оған көлікпен немесе автобустармен оңай жетуге болады. Мұзайдынның таза ауасы, табиғат көріністері, кез келген жастағы адамға сырғанауға мүмкіндік береді. Оған қоса конькилерді жалға алуға, шағын кафе мен демалыс орындарына баруға болады.

Алматау – тыныштықты сүйетіндер үшін қолайлы шаңғы курорты. Шымбұлаққа қарағанда мұнда халық аз болады, бірақ сапалы демалыс үшін барлық қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Әр түрлі деңгейдегі шаңғы трассалары, таудан сырғанайтын жері бар. Курорт маңында заманауи қонақүйлер, мейрамханалар орналасқан, бұл жерде демалып, тамақтанып, табиғатты тамашалауға болады.

Қыста Көлсай және Қайыңды көлдері ерекше әсемдікке бөленеді. Оның маңайы қыста тыныштық пен табиғат көріністерін тамашалағысы келетіндер үшін таптырмас орын. Көлдердің бетіне мұз қатқан кезде ерекше көрініс пайда болады. Мұнда қысқы табиғат аясында жаяу турлар ұйымдастыруға ыңғайлы.

Алматы облысында жоғарыда аталғандардан бөлек қыста демалуға арналған орындар көп. Шаңғы тебу, табиғат аясында тынығу, тарихи орындарға саяхат жасау сынды әр түрлі қызығушылықтар мен талғамдарға сай келетін демалыс түрлері бар.

Қазақстанның қыста керемет демалып қайтуға болатын, табиғи сұлулығымен танымал аймақтарының бірі – Бурабай. Ол өзінің ерекше атмосферасымен, қар басқан таулары мен мұзды көлдерімен нағыз көркем орталыққа айналды.

Бурабайдың шаңғы трассалары қыста шаңғы тебуді жақсы көретіндер үшін таптырмас орын. «Көкшетау» ұлттық паркі мен «Бурабай» курортында тәжірибелі мамандар мен жаңадан бастағандарға арналған трассалар бар. Таңертеңгілік шаңғы тебуден ләззат алып, табиғаттың сұлулығын тамашалай аласыз.

Сноубординг – Бурабайдағы қысқы демалыстың тағы бір танымал түрі. Мұндағы тау беткейлері сноубордшылары үшін қызықты. Жасанды сноу парктерінде сноубордпен сырғанаудан тәжірибесі бар, сонымен қатар жаңадан бастағандар үшін жаттықтырушылардың көмегімен сабақ алуға да болады.

Бурабайдың мұзды алаңдары коньки тебуге арналған керемет орын ретінде саналады. Мұз үстінде коньки теуіп немесе хоккей ойнап, қыстың көңілді сәттерін өткізуге болады. Бурабай көлінің беті мұз басқанда, ол нағыз сырғанау алаңына айналады.

Қысқы уақытта Бурабайда жаяу жүру – табиғатқа жақын болу үшін тамаша мүмкіндік сыйлайды. Қар басқан ормандар мен тауларды аралап, тыныштықты сезіну үшін түрлі жерлерді таңдай аласыз. Бұл сізге табиғаттың сұлулығын тамашалауға, таза ауамен тыныстап, денсаулығыңызды жақсартуға көмектеседі.

Бурабайда денені сауықтыру үшін арнайы курорттар мен SPA-орталықтары бар. Мұнда сіз массаж, сауна, балшық терапиясы және басқа да сауықтыру процедураларын пайдалана аласыз. Бұл стресс пен шаршаудан арылуға және жаңадан күш жинауға мүмкіндік береді.

Бурабайда көптеген туристік агенттіктер бар, олар ұйымдастырған турлар мен шараларға қатысуға болады. Мұндай турлар шолу экскурсияларынан бастап, шаңғы мен сноуборд тебуге дейін әр түрлі қызметтерді қамтиды.

Зеренді – Астана қаласынан шамамен 3,5 сағаттық жерде орналасқан тамаша демалыс аймағы. Мұнда таза ауа, әсем ормандар мен керемет көлдер бар. Қысқы маусымда ұзақ мерзім бойы, яғни 140-160 күн бойы қар жатады, бұл шаңғы тебу, шанамен сырғанау және орманды аралау сияқты қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді.

Зерендіде «Қарағайлы», «Зерен Плюс», «Сұңқар», «Құлпынай мүйісі», Мәлік Ғабдуллин атындағы және Еуразия университетінің спорттық сауықтыру лагері сияқты көптеген қонақ үйлер мен демалыс орындары шоғырланған. Сондай-ақ «Аққайың шипажайы», «Жасыл мүйіс», «Ұшқын» және «Шығыс» сынды шипажайлар мен демалыс базалары да бар.

Зерендіде шипалы сазымен емделу мүмкіндіктері де ұсынылады. Демалуға келушілер үшін бағалар да қолжетімді.

Түркістан – Қазақстандағы тарихи, ең әдемі және көне қалалардың бірі. Бұл қалаға келіп, демалып қайтуды жоспарлайтын туристер саны күннен-күнге артып келеді. Түркістанның қысы басқа өңірлермен салыстырғанда, жылы өтеді, сондықтан жазда ғана емес, қыста да саяхаттауға қолайлы орын болып табылады.

Қаланың бай тарихы мен мәдениетімен танысу үшін, ең алдымен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көруге ұсыныс береміз. Бұл кесене – тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл ислам әлемі үшін қасиетті орын, ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Арыстан баб кесенесі, Төле би таулары және Керуен сарайы секілді тағы да көптеген тарихи нысандар Түркістанның көркі мен мәдениетін танытады.

Сондай-ақ Түркістандағы «Ұшатын театр» ерекше назар аударарлық. 8D форматында ұйымдастырылатын көрсетілімдер Қазақстанның әсем жерлерін биіктен тамашалауға мүмкіндік береді. Қаладағы рухани орындардың бірі – «Ақмешіт» үңгірі. Бұл жерге барған адамдар дұға тілеп, мінәжат жасап, рухани тыныштыққа бөленеді.

Егер сіз тарихи жерлерді аралап, уақытыңызды қызықты өткізгіңіз келсе, Түркістанға саяхат жасауды ұсынамыз. Бұл қала – тарихты сезінуге, рухани жаңаруға және жаңа әсер алуға арналған тамаша мекен.

Шығыс Қазақстан облысы – табиғи сұлулығымен танымал өңір. Қыста бұл жердің көрінісі ерекше тартымды болады.

Облыстың таулы аймақтары, атап айтқанда, Бұқтырма және Рахманов көздері курорттары, шаңғы тебушілер мен сноубордшылар үшін тамаша орындар. Мұнда әр түрлі трассалар, мен қажетті жабдықтарды жалға алуға мүмкіндік бар. Шаңғымен сырғанау – салауатты өмір салтын ұстанатындар үшін керемет ойын-сауық.

Облыс орталықтарында, әсіресе Өскемен мен Семей қалаларында, қыста конькимен сырғанауға арналған мұз алаңдары жұмыс істейді. Коньки тебу – отбасымен немесе достармен бірге уақыт өткізуге арналған тамаша мүмкіндік. Мұз үстіндегі қызықты ойындар мен жарыстар әркімнің көңілін көтеретіні анық.

Шығыс Қазақстанның табиғаты қыста да әсем. Табиғат аясында серуендеу, тауда шаңғымен немесе жаяу жүру қызықты. Жергілікті табиғат қорықтары мен ұлттық парктері, әсіресе қыста керемет көрінеді. Серуен барысында қарлы ағаштар мен аязды күндердің сұлулығын тамашалау мүмкіндігі туады.

Қарқаралы – Қазақстанның тарихы терең, табиғаты тамаша өңірі. Бұл жер табиғатпен сырласуды және естен кетпес демалыс өткізуді қалайтын саяхатшылар үшін тамаша орын. Мұнда шаңғы тебу үшін арнайы базалар орналасқан, ал қаланың айналасынан таңбалы тастар мен бекініс орындарын көруге болады.

Саяхатшылардың Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының салған мешіті мен Шайтанкөлді тамашалауға мүмкіндіктері бар. Қарқаралы – Қазыбек би, сазгер Тәттімбет, Әлихан Бөкейханов және алғашқы қазақ заңгері Жақып Ақбаев сынды ұлы тұлғалардың туған жері.

Бұл өңірдегі «Суық бұлақ», «Үш үңгір» және Кент тауларынан табылған «Алтын адам» жәдігерлері ерекше құнды. Қарқаралы тауларының басты ерекшелігі – бұлақ көздерінің мөлдір әрі мол болуы.

Жыл сайын 10 мыңға жуық турист Қарқаралыға келіп, табиғаттың сұлулығын сезініп, тарихымен танысуда. Бұл жер Қазақстанның негізгі туристік аймақтарының бірі болып есептеледі әрі демалушыларға ұмытылмас әсер сыйлайды.

Түйін: Қазақстандағы саяхат әрбір саяхатшыға ерекше әсер сыйлайды. Алматы облысынан Бурабайға, Зерендіден Түркістанға дейін әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері мен табиғи әсемдігі бар. Шаңғы трассалары, конькимен сырғанау алаңдары, мәдени және тарихи ескерткіштер – бәрі де қысқы демалысты қызықты әрі есте қаларлық етеді. Қазақстанның табиғи сұлулығы мен мәдени байлығы туристерді тартып, еліміздің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Қыс кезінде Қазақстанға келген саяхатшылар қызықты әрі ерекше сәттерге толы демалыс өткізеді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: