Қазақстанда қайырымдылық қызметі қаншалықты дамыған?

20 Қыркүйек, 14:01 1085

«Кең болсаң, кем болмайсың» деген ұстаныммен өмір сүретін қазақ қашанда қиналған жанды көрсе көмек беріп, қол ұшын созуға әзір тұрады. Оған елімізде болған түрлі төтенше жағдайлар кезінде куә болып жүрміз. Мәселен, Арыс қаласында орналасқан әскери қоймадағы жарылыс кезінде, мыңдаған адам қақаған қыстың қыспағында қалған Екібастұздағы жағдайда, көктемгі су тасқыны болған кездерде де қарапайым халық қолындағы барын беріп, сұрағанның қолын қайтармайтынын, жанашыр азаматтардың көптігін көрсетті. Мұны бұрын жылу жинау немесе асарлату деп атайтын.

Бүгінде жақсылық жасап жарысу үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Ең бастысы, ниет түзу болса, болды. Қолыңыздағы телефонның бірнеше батырмасын басып, мәселені әп-сәтте шешуге болады. Киім-кешек пен азық-түлік тасып, әбігерге түспейсіз. Мәлімет қолыңызда болса, үйде отырып-ақ ақшаны шотқа еш қиындықсыз аудара аласыз. Цифрландырудың барлық процестерді жеңілдетіп қоймасы бар ма?!  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі елдегі басты қайырымдылық қорлары мен олардың қызметіне, қоғамдағы орнына егежей-тегжейлі тоқталып, жан-жақты талдау жасады.

Айта кету керек, 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, Дүниежүзілік филантропия индексінде еліміз 114 елдің арасында 98-орында тұрған еді. 2022 жылы Қазақстан қайырымдылық рейтингінде 119 елдің арасында  40-орынға көтерілді. Қайырымдылықтың басым бағыттары жетім балаларға (54,31%) және ауыр дертке шалдыққан балаларға (48,8%) көмек көрсету. Аталмыш индекс - әлем халықтарының қайырымдылық бағытындағы жетістіктерін айқындайтын жиынтық көрсеткіш.

Қазақстандағы қайырымдылық қызметі — әлеуметтік жауапкершілік пен гуманизмнің ерекше көрінісі. Елдегі экономикалық, мәдени және әлеуметтік өзгерістер қайырымдылықтың рөлін айтарлықтай арттырады. Бүгінде қайырымдылық қорлары әлеуметтік осал топтарды қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, экология және мәдениет салаларын дамытуға арналған маңызды құралға айналып отыр.

Қайырымдылық қорларының мақсаты — қоғамның әлсіз мүшелеріне көмек көрсету, әлеуметтік әділеттілікті қолдау және көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету. Қорлардың қызметі ауқымды. Мәселен,

1.Әлеуметтік көмек. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде мүгедектерге, жетім балаларға және көпбалалы отбасыларға қаржылық, моральдық, материалдық көмек көрсету.

2.Білім беру және даму. Талантты жастарды қолдау, білім беру гранттары мен стипендиялар ұсыну, дарынды балаларды шетелдік және отандық оқу орындарында оқытуға қолдау көрсету.

3.Денсаулық сақтау. Ауыр сырқатқа шалдыққан адамдарға медициналық көмек көрсету, емдеу шығындарын жабу, медициналық мекемелерді қолдау.

4.Экология және табиғатты қорғау. Экологиялық мәселелер қайырымдылық қорларының назарынан тыс қалмайды. Қорлар қоршаған ортаны қорғау, табиғатты қалпына келтіру және экологиялық білім беру жобаларын жүзеге асырады. Олар ағаш отырғызу, қалдықтарды қайта өңдеу, таза су ресурстарын қорғау және табиғатты сақтауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыруға көмектеседі.

5.Мәдениет және спорт. Қорлар мәдениетті, ұлттық өнерді және спортты дамытуға үлкен көңіл бөледі. Олар мәдени мұраны сақтауға, спорттық іс-шараларды қаржыландыруға және жаңа таланттарды қолдауға бағытталған жобаларды іске асырады. Спорттық іс-шаралар арқылы салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамның денсаулығын жақсарту – басты мақсат.  

Қазақстандағы ең ірі қайырымдылық қорлары қандай?

Қазақстанда көптеген қайырымдылық қоры бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір әлеуметтік немесе қоғамдық мәселелерді шешуге бағытталады. Мәселен, бірі қазақстандық жастардың дамуына зор үлес қосып, білім беру және мәдени даму бағдарламаларын қаржыландыруды, шетелде білім алуына мүмкіндік беретін гранттар мен стипендиялар ұсынуды мақсат етсе, енді бірі балаларға көмек көрсету, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға үлес қосады. Балаларға көмек көрсету, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға, балалар үйі мен ауруханалар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді көздетін қайырымдылық қорлары да жетіп артылады. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек көрсетуге маманданғандары да бар. Олар ауыр дертпен ауыратын балаларға, жетімдерге, көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге және мүгедектерге көмек көрсетуге ниеттенеді. Денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларына арналған әлеуметтік жобаларды қолдау арқылы қоғамға өз үлесін қосатын қайырымдылық қорлары да жетіп артылады. Басты бағыты — балалардың білім алуына жәрдемдесу мен денсаулық сақтау жобаларына қаржылай қолдау көрсету. Қайырымдылық қорларының арасында әлеуметтік әлсіз топтарға, жетімдер мен мүгедектерге көмек көрсету бойынша белсенді жұмыс атқаратындары да көп. Мақсаты қоғамдағы әрбір азаматтың дамуына жағдай жасау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Арасында денсаулық сақтау саласындағы ірі жобаларымен көзге түскендерін айтып өтуге болады. Олар балалар ауруханаларына заманауи жабдықтар алып беру, жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтау үшін көмек көрсету, балалардың денсаулығын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асырады. Бастамаларының бірі – перинаталды орталықтарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету. Бұл, өз кезегінде, жаңа туған сәбилердің өмірін сақтап қалуға мол үлес қосады.

Бұл қорлар халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге және жетім балаларға көмек көрсетуді мақсат тұтады. Қызметі қаржылай көмек көрсету, баспана және азық-түлікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, білім беру жобаларын қолдауды қамтиды. Ғылым мен мәдениет салаларындағы талантты жастарға демеу беріп, қолайлы жағдай жасауды ниетін басты орынға қоятын қорлар да көп.

Инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған қорлар да бар. Бастама аясында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы мекемелер жетіспеушілігі шешіліп, оны кадрлар және қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз ету көзделеді.

Елдегі әлеуметтік саланың дамуы мен жетілуін, маңызды ғылыми зерттеулер мен әлеуметтік-экономикалық жобалардың жүзеге асуын, әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдерінің азаматтық белсенділігін дамыту мақсатында ықпалдасуды көздейтін жеке қайырымдылық қорларын кездестіруге болады.

Жетім балалар мен білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сүру жағдайларын жақсарту, әлеуметтендіру және даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды іске асыратын қайырымдылық ұйымдары қызмет етуде. Олар балалардың барлығы дарынды және білім мен дамуға тең құқылы деген сенімде. Сол себепті жоба балаларды білім-ғылымға баулу, шығармашылық дағдыларын дамыту, оңалту және мамандық алуға бағыттайды. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жетім балалардың құқықтарын іске асыру үшін заңнама мен тәжірибені жетілдіру ұсыныстарын әзірлеуге қатысады. Реформаларды алға жетелеуде басқа да қоғамдық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істейді. Қиын өмірлік жағдайларда қалған балаларды қолдау ниетін көздейтын ұйымдар да жоқ емес.  

Аз қамтылған отбасылардан шыққан немесе нейро-ортопедиялық ауруы бар балаларды қолжетімді әрі сапалы сауықтыруға жағдай жасауды басты приоритет санайтын қорлар да жақсылық жасаудан аянбайды.

Елімізде қиын жағдайда қалған азаматтарға гуманитарлық көмек пен әлеуметтік қолдау көрсетуге дайын әлемдегі ең ірі және ең құрметті гуманитарлық қауымдастық бар.

Азаматтардың психологиялық жағдайын ретке келтіріп, балаларға жан-жақты қолдау көрсететін, әсіресе жетім, ата-ана қамқорқылығынсыз қалған, онкологиялық аурулар мен өзге де ауыр дертке шалдыққан балаларға, сондай-ақ қауіп-қатер тобына кіретін адамдар мен олардың отбасыларына көмек көрсетуді өмірлік мақсаты көретін ұйымдар жұмыс істейді.

ДЦП диагнозы бар, жетім және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен ардагерлерге қолдау көрсету мақсатын көздейтіндерін де ерекше атап өтуге болады.  

Айта берсең, ұйым да көп, мақсат та жетіп артылады. Ең танымал қоғамдық қорларының арасында «Сорос-Қазақстан» қоры, Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры, «Фонд Ақниет» жеке қайырымдылық қоры, «Қасиетті Жол» қайырымдылық қоры, SOS Қазақстан балалар ауылдары, «Болашақ» корпоративті қоры, «Ана үйі» қоғамдық қоры, «Ашық әлем» қоғамдық қоры, «Жанұя» отбасыларды қолдау орталығы» қоғамдық қоры, «Сәби» қайырымдылық қоры және тағысын тағы бар. Бірақ бұл бірсыпырасы ғана.

Қайырымдылық қызметіндегі қиындықтар мен даму перспективалары

Айта кету керек, Қазақстандағы қайырымдылық қызметі қарқынды дамып келе жатқанымен, бірқатар қиындықтар бар. Олардың қатарына қайырымдылыққа белсенді түрде қатысуға көпшіліктің ниет таныта қоймауы, кейбір қорлардың тұрақсыз қаржыландырылу мәселесі, сондай-ақ қайырымдылық мәдениетінің жеткілікті деңгейде дамымағанын айтуға болады.

Сондай-ақ, заңнамалық реттеу мәселелері де өзекті. Қайырымдылық қызметін жүзеге асыру үшін заңнамалық қолдау қажет. Ол қорлардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Елде қайырымдылық қызметін реттейтін заңдардың жетілуі және салықтық жеңілдіктердің болуы қайырымдылық саласының дамуына айтарлықтай үлес қосуы ықтимал.

Сонда да, Қазақстандағы қайырымдылық қорларының болашағы жарқын деуге болады. Мемлекеттік қолдаудың күшеюі, қайырымдылық саласының ашықтығы мен тиімділігінің артуы, сондай-ақ қоғамның қайырымдылыққа деген көзқарасының өзгеруі бұл саланың одан әрі дамуына ықпал ететін негізгі факторлар болмақ.

Соңғы жылдары қайырымдылықтың жаңа түрлері де пайда болуда. Олардың бірі — краудфандинг. Адамдар интернет арқылы қаражат жинап, қайырымдылық жобаларын іске асырады. Бұл әсіресе жастар арасында танымалдыққа.

Қайырымдылық қорларының жұмысы қашанда өзекті болып қала береді. Себебі қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық қиындықтар үнемі қайырымдылықты қажет етеді. Қорлардың мақсаттары мен миссиялары алуан түрлі болғанымен, олар бірлесе отырып, Қазақстанның әлеуметтік тұрақтылығы мен дамуына үлкен үлес қосып келетіні сөзсіз.

Халықтың әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған санаттарына аса көңіл бөліп, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қайырымдылық білдіруге жаны құштар жандар аз емес арамызда. Оның ішінде билік орындары тарапынан да көрсетіліп жатқан көмектер бар. Мәселен биылдың өзінде еліміздегі мүгедектігі және асыраушысынан айырылуы бойынша жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер түрінде шамамен 461,5 млрд теңге төленген. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алушылар саны шамамен 541,2 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша – шамамен 185,7 мың адамды құрайды.

Бұдан басқа, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ-тен әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 97,5 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем, ал 64,7 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: