Қазақстанда қандай есімдерді қоюға болмайды

22 Ақпан, 12:31 1798

Әділет министрлігінің өкілі Талғат Уәли қазақстандықтарға аты-жөнін өзгерту барысында қандай талап қойылатынын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Статистикалық деректер бойынша, Қазақстанда жылына орта есеппен 12 мың адам аты-жөнін өзгертеді.

Ол дегеніміз адам өзінің атын толық өзгертіп тастау деген сөз емес. Адамның тегіндегі «ов», «ев» деген сияқты жалғауларды алып тастап жатады. Мысалы, «улы» деп кеткен қателерді «ұлы» деп түзетеді. Дегенмен азаматтардың толық атын өзгертетін жағдайлар да бар, - деді Талғат Уәли.

Сөзінше, елімізде адамның атын өзгертуге заңмен тыйым салынбаған. Дегенмен адамның атын өзгертудің өзіндік талаптары бар.

Адамның атында қандай да бір боғауыз сөздердің болуы, қосарланған аттардың болуы, мысалы, үйінде басқаша, ал қоғамда басқаша айтуы мүмкін жағдайлар кездеседі. Сол кезде жанындағы әріптестерінен арнайы арызды алу арқылы, қосарланған аты бар екенін дәлелдеу арқылы адам өзінің атын ауыстыра алады. Сонымен қатар оған бір немесе екі рет қана өзгерте алады деген тыйым жоқ, - деді Іділет министрлігінің өкілі.

Талғат Уәли ата-ана баласына есім қояр кезінде толық жауапкершілік өз еріктерінде болатынын жеткізді.

Адамның есімі тек кириллицамен, не латынша, не қазақ әріптерімен жазылу керек деген талап жоқ. Кез келген ата-ана өзінің баласына қандай есім қойғысы келсе, қандай әріптермен жазылса да өз еркіне беріледі. Баласына қандай есім қоямын десе де шектеу жоқ, - деді ол.

Сонымен қатар ол «Қазақстанда қандай есімдерді қоюға болмайды?» деген сұраққа жауап бере кетті.

Қазақстанда нақты мынадай есімдерді қоюға болмайды деген тізім жоқ. Егер есімінде боғауыз, бейәдеп сөздер болатын болса, онда Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері адамның есімін басқалай қоюға кеңес береді. Ал есімін өзгерткісі келетін азамат 16 жасқа толғанда жеке куәлігін алуға келген кезде өз есіміндегі боғауыз сөздерді қалдырамын десе, онда оған ішкі істер органдары қарсы болуы мүмкін. Ол кезде есімін өзгертуге тура келуі мүмкін, - деп түсіндірді.

Қосарланған, екі сөзден немесе дефис (-) арқылы жазылатын есімдерді де қоюға болады. Бірақ ол екі сөзден көп болмауы керек.

Миражан Махан
Бөлісу: