Қазақстанда несие алушылардың көбі – әйелдер

30 Қаңтар, 12:37 688

«Қарызсыз қоғам» жобасын ұйымдастырушылар жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстанда несие алуға ерлерге қарағанда әйелдер көп жүгінетіні анықталды. Бұл маңызды жағдай қаржылық мінез-құлықтағы гендерлік айырмашылықтарды, сондай-ақ халықтың әртүрлі топтары тап болатын қаржылық қажеттіліктер мен қиындықтарды терең зерттеу қажеттілігін көрсетеді. Бұл туралы «Несиеге өмір сүру: қарызсыз қоғамды қалай құруға болады» тақырыбындағы подкаст барысында «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі, «Ұлы дала» қауымдастығының және Кәмшат Дөненбаева атындағы ауыл әйелдерінің бизнес бастамаларын қолдау қорының президенті Ақмарал Бекмұрзаева толығырақ айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халықты несиелендіру қоғамның өзекті мәселелерінің бірі екенін атап өтті. 2019 жылы қабылданған 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешім және күшіне енген жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттеді, бірақ шешкен жоқ. Президент жағдайды түбегейлі жақсарту үшін жаңа жүйелі шаралар, оның ішінде қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет екенін атап өтті. «Қарызсыз қоғам» сарапшылары бұл жұмысты қолға алып, 2023 жылы еліміздің сегіз өңірінде 65 мың адамды оқытты. Жоба жетекшісінің айтуынша, мұндай жұмыстар Қазақстанда алғаш рет жүргізіліп отыр.

Айта кетейік, қатысушылардың 63,1%-ы несие бойынша пайыз бен артық төлем мөлшерін білмеген. Оқытылғандардың 38%-ы 70 мың теңге мөлшерінде табысы бола тұра банктерден және микроқаржы ұйымдарынан 2-4 несиеден алған. Ал 13,8%-ында 10-нан астам несие бар.

Қатысушылардың 75%-ы әйелдер. Мен несие алушылардың көбі әйелдер деп ашық айта аламын. Қатысушыларымыздың басым бөлігі, оның ішінде несиелерді жабуға тырысатындардың көбі әйелдер, өйткені олар үйсіз қалудан, жалғыз баспанасынан айырылып қаламын деп қорқады, балаларының болашағын ойлайды. Несие алып, басына түскен ауыртпалық оларды алаңдатады, сондықтан олар біз берген білімді алуға, қолда бар құралдарды пайдалануға тырысады, - деді Ақмарал Бекмурзаева.

«Қарызсыз қоғам» бағдарламасына қатысушылардың 58%-ы төрт баладан артық тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасылар. Маманның айтуынша, олар өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жиі несие алады.

Өкінішке қарай, адамдар қысылғандықтан несие алуға мәжбүр. Тіпті, көмір сатып алу үшін де несие алған жағдайлар болған. Мал сатып алады, қарапайым және негізгі қажеттіліктерін жабады. Емделу үшін де несие алатындар көп. Бұл да ойланарлық жағдай. Неліктен ел азаматтары білікті ем алу үшін қаржы институттарына жүгінуге, жоғары пайызбен несие алады?, - дейді Бекмұрзаева.

Қазақ менталитеті мен несие алудың арасындағы байланысты да жоққа шығара алмаймыз. Оның негізгі аспектілерінің бірі - үйлену тойы, сүндет той, бесік той және тағы басқа түрлі мерекелер мен дәстүрлі рәсімдерді өткізу. Жақындарының алдында абыройын түсірмес үшін адамдар өтеуге шамасы жетпей тұрса да, осындай іс-шараларды өткізуге несие алады.

Бұл ретте несиелер отбасылық қатынастарға теріс әсерін тигізеді. Кейбір қатысушыларымыз несие алып, қарызы көбейгеннен кейін туыстары олармен араласпай қойғандарын айтты. Ата-аналары сөйлеспейді, күйеуі балаларды алып, отбасынан кетіп қалған, достары араласпайды. Қарызға батқан адам күйзеліске ұшырайды. Осы жобаны бастамайынша, мен берешегі көп адамдарға эмоциялық тұрғыдан қаншалықты қиын болатынын ойламаппын, - деді «Қарызсыз қоғам» басшысы.

Сонымен қатар Ақмарал Бекмұрзаева студенттердің 80%-ы несие алғанын атап өтті. Тұрақты табыс көзі болмағандықтан олар қысымға ұшырайды, себебі коллекторлармен, МҚҰ-мен және басқа ұйымдармен проблемалар туындайды.

Осы пилоттық жыл қаржылық сауаттылықты мектептен бастап оқыту қажет екенін көрсетті. 2024 жылы біз осы мәселемен айналысамыз. Сонымен қатар, жоба географиясы кеңейтіледі. Былтыр жоба сегіз өңірде іске асырылса, 2024 жылы еліміздің барлық өңірлері, оның ішінде республикалық маңызы бар үш қала да қамтылады, - деп атап өтті маман.

Сондай-ақ, Ақмарал Бекмұрзаева «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында барлығы тегін заң көмегін ала алатынын еске салды.

Егер сізге несиені өтеу бойынша жаңа кесте құру, қайта құрылымдау немесе банкроттыққа өтініш беру қажет болса, біз жоба аясында көмектесе аламыз. Жеке ісіңізді бастау үшін бизнес-жоспар жазу қажет болса, келіңіз. Біз қуана көмектесеміз! Біз үшін ең бастысы, қаржылық сауаттылықты барлық мектептер мен жоғары оқу орындарына енгізу, - деді Ақмарал Бекмұрзаева подкаст жүргізушісі, журналист Махаббат Есенге берген сұхбатында.

Қаржылық сауаттылық – қазіргі білім мен қоғам дамуының ажырамас бөлігі. Ол қаржыны тиімді басқаруға, негізделген шешімдер қабылдауға және тұрақтылықты арттыруға ықпал ете отырып, жеке тұлғаларды, жалпы қоғамның материалдық әл-ауқатын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Сондықтан қаржылық сауаттылықты дамыту Қазақстанның білім беру және әлеуметтік бағдарламаларындағы басымдықтардың бірі болуға тиіс.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: