Қазақстанда неліктен STEMM саласында еңбек ететін әйелдер қатары аз

5 Тамыз, 15:00 8608

Central Asian Economic Review ғылыми-тәжірибелік журналының деректеріне сай, үкіметтің гендерлік дисбалансты жоюға деген талпынысына қарамастан, Қазақстанда әйелдердің тек 25%-ы ғана STEMM бағытында (ғылым, технологиялар, инженерия, математика және медицина) жұмыс істейді. Мектепте оқитын қыздар арасында STEMM бағытын қалай ілгерілету керектігі туралы Nazarbayev University-нің Әлеуметтік даму қорынан грант алған Айнұр Аймурзиева айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

NU-дың биология мамандығы 4-курс студенті Айнұр Аймурзиева өткен жылы әлеуметтік бастамаларды қолдауға бағытталған «Social Impact 2023» конкурсында жеңіске жетіп, өз жобасын іске асыруға грант ұтып алған. Студенттің жобасы Қазақстан мен Орталық Азияда STEMM бағыты бойынша қыздарға арналған мүмкіндіктерді кеңейтуге мүмкіндік береді. Ол 54 мектеп оқушысына арналған арнайы жазғы лагерь ұйымдастырды, олардың қатарында әлеуметтік осал топтардан шыққан балалар да бар. Бес күн ішінде оқушы қыздар инженерия, бағдарламалау, химия, биология, математика және медицина салалары бойынша түрлі сабақтар өтті.

Осындай лагерь ұйымдастыру идеясы Эллина Мун мен Лиза Лим профессорлардың арқасында туды. Олар Қазақстанда STEMM саласында гендерлік дисбаланс бар екенін байқап, қоғамда қалыптасқан әлеуметтік кедергілер мен қыздарға деген мүмкіндіктердің аздығын жою керегін түсінді. Олардың гендерлік теңдікке деген ұмтылысы бізді осы лагерьді ұйымдастыруға итермеледі, - дейді Айнұр.

STEMM бағытымен ертерек танысу жастардың кәсіби талпыныстарын өзгерте алады. Қыздарға үлгі болатын адамдармен араласа алатын алаң мен мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсына отырып, Аймурзиева олардың STEMM-ге қызығушылығын арттырып, болашақта осы жолда нақты шешім қабылдауына әсер етуді мақсат етеді.

Қыздар гендерлік таптаурындардың салдарынан отбасы, достары мен қоғам тарапынан керекті дәрежеде қолдау алмайды. Қазақстан мен Орталық Азияда STEMM саласындағы мансап ер адамдарға көбірек сай деп есептеледі, бұл қыздарды аталған мамандықтарды таңдаудан тоқтады, - дейді ол.

Айнұрдың жобасының мақсаты – ерте жастан STEMM саласындағы білім беруді дамытып, қыздарды осындай мамандықтарды таңдауға итермелеуге, іс жүзінде бұл бағытта тек қана ерлер емес, әйелдер де жетістікке жете алатынын көрсету. Лагерь ел бойынша жас таланттарды қолдайды, әсіресе ауылдық жерлердегі оқушыларға STEMM саласындағы тәжірибелі мамандардан тәлімгерлік алуға мүмкіндік береді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: