Қазан айының екінші жексенбісінде елімізде мүгедектігі бар адамдар күні аталып өтіледі. Бұл туралы ЕХӘҚМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Егемендік алғалы бері елімізде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға толық интеграциялануы жөніндегі саясат жүзеге асырылуда. Бұл күні мүгедектігі бар адамдарға құрмет пен қолдау көрсетуге, қоғамда азаматтардың тең екенін және оны есте сақтау керектігін білдіреді.
Бүгінде Қазақстанда ерекше қажеттіліктері бар 719 мыңнан астам адам тұрады. Бұл күн мүгедектігі бар азаматтардың мәселелеріне көңіл бөлуге, құқығы мен денсаулықтарын қорғауға, олардың саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірге қатысуынан қоғамға келетін басымдықтарға назар аударуға бағытталған.
Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар түрлі салада еңбек етуде. Олар Қазақстан Республикасы Парламентінің, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, заңгерлер, әртістер және т.б. салалық мамандықты игеріп, жетістіктерге қол жеткізуде.
Бұл адамдар өздерінің мүмкіндіктері мүлдем шектеулі емес екенін және олар толыққанды өмір сүре алатындығын дәлелдеп келеді. Олар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, өз кәсіптерін дамытып, би мен фитнеспен айналысып, әртүрлі спорт түрлерінде де биік белестерді бағындыруда.
Мүгедектігі бар адамдар өмірдің белгілі бір проблемалық аспектілерін талқылауға сарапшы ретінде белсенді қатысады. Мұндай тәжірибе тиімді шешімдер қабылдауға оң әсер етіп, азаматтардың әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіруге септігін тигізуде.
Соңғы жылдары мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды. Әлеуметтік кодекс пен басқа да заңнамалар қабылданып, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға білім алуға, жұмысқа тұруға, медициналық, әлеуметтік көмекке және т.б. құқықтарға кепілдік беруде. Мүгедектігі бар ересек азаматтар мен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтары ашылуда. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесі жетілдірілуде. Республиканың барлық өңірлерінде кедергісіз орта құру бойынша жұмыстар атқарылуда.
Қазақстанда жынысына, жасына, ұлтына, физикалық ерекшеліктеріне және кез келген өзге де сипаттамаларына қарамастан, әрбір адам өзін толыққанды мүшесі ретінде сезінетін инклюзивті қоғамды дамыту жөніндегі жұмыстар өз жалғасын таба бермек.