Қазақстанда мопедтер көлік құралы ретінде тіркеледі

28 Наурыз, 12:14 728

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Сенат кулуарында Қазақстанда мопедтерді басқару қағидаларын қатаңдату жөніндегі жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заңның екінші пакеті қабылданғаннан кейін түбегейлі өзгерістер болады. Біріншіден, барлық мопедтер қозғалтқышының көлеміне қарамастан, ол көлік құралы болып саналады. Оны басқару үшін жүргізушінің жасы 16-да болуы керек және A1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет, - деді Игорь Лепеха.

Ішкі істер министрінің орынбасарының сөзінше, барлық мопедтер есепке алынып, тіркеуден өтетін болады.

Бұл пакетте тағы бір маңызды норма бар. Енді әкімдердің самокаттардың қызметін реттеуге өкілеттілігі болады. Олар «қай жермен жүруге болады, қай жермен жүруге болмайды, қай уақытта қозғалуға тыйым салынады» деген сияқты өздерінің қандай да бір қосымша ережелерін белгілей алады, - деді ол.

Айта кетейік, 30 тамызда Қазақстанда «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енген болатын. Жаңа заңға сәйкес, электросамокаттар  веложолдармен және веложолақпен жүруі керек.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: