Қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін арттыру аясында Қазақстан Үкіметі әлеуметтік салық пен жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын жоюды жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты бизнестің қосымша шығындары болатыны анық. Мемлекет бұл шығындардың орнын толтыруға дайын. Ең алдымен, еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемеге назар аударғымыз келеді. Дәл осы салада біздің экономиканың басты мәселесі жатыр. Бизнес еңбекақы төлеу қорына шамамен 40% салық төлейді. Бұл өнімнің өзіндік құнын арттырады, – деді Жұманғарин Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, бұл жағдай өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына және оның бәсекеге қабілетсіз болуына әкеледі.
ҚҚС мөлшерлемесін жоспарланған деңгейге дейін көтеру жағдайында, біз еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемені 10%-ға төмендетіп, 30%-ға дейін азайтуға дайынбыз. Бұл әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын жою есебінен жүзеге асырылады. Бұл шығындарды бюджет өз мойнына алуы мүмкін, – деп атап өтті министр.
Ол әлеуметтік салықтың жергілікті бюджеттердің негізгі кіріс көзі екенін ескере отырып, бұл мәселенің маңыздылығын түсінетінін айтты. Осыған байланысты Үкімет республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге басқа салық түрлерін қайта бөлу жолдарын қарастыруда.