Қазақстанда коммуналдық қызмет шығыны 11%-ға өсті

9 Шілде, 10:38 581

Қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсаған шығындары бір жылда 11%-ке өсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Energyprom.kz -ке сілтеме жасап.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді ұстауға және жөндеуге орта есеппен 59,6 мың теңге жұмсады, бұл өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 10,8%-ке көп.

Әсіресе елорда тұрғындарының шығыны көп, олар 103,7 мың теңге жұмсайды. Бұл өткен жылғы қаңтар - наурызбен салыстырғанда 6,5%-ке және ел бойынша орташа көрсеткіштен 73,8%-ке артық.

Алматы мен Қарағанды облысының тұрғындары да үй шаруашылығына қаражатты көп жұмсайды. Ал коммуналдық қызметтер, тұрғын үйді күтіп ұстау және жөндеу үшін Абай, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстарының тұрғындары ақшаны ең аз жұмсайды.

Осы уақытта тұрғын үй қызметтеріне, суға, электр энергиясына, газға және басқа да отын түрлеріне баға ағымдағы жылдың мамыр айының қорытындысы бойынша бір айда 0,9%-ға және бір жылда 17,6%-ға өсті. Оның ішінде айлық динамикада қоқыс шығару қызметтерінің бағасы 6,1%-ға, электр энергиясының құны 1,8%-ға, тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету және жөндеу қызметтерінің құны 1,7%-ға, су бұру қызметтерінің құны 0,2%-ға өсті.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: