Қазақстанда ішкі туризм бойынша рекорд тіркелді

4 Сәуір 2023, 15:02 2262

Қазақстанда ішкі туристер саны бойынша рекорд жаңартылды. 2022 жылғы көрсеткіштердің қорытындысына сай ішкі туристердің саны 8,6 млн адамға жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,7 млн адамға көп, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
 
Сондай-ақ, елімізде демалыс орындарының саны бірнеше жүзге артқаны да маңызды. Мәселен, былтыр туристерді орналастыруға арналған 284 жаңа орын тіркелген, еліміз бойынша олардың жалпы саны 4 мыңға жетті. Ал бір мезгілдегі сыйымдылық 10 мың бірлікке артып, 203 мыңнан астам төсек-орынды құрады.

Бізге шетелдік қонақтарды тартумен қатар ішкі туризм көрсеткіштері де маңызды. Мысалы, елімізде бір жылдан астам уақыт бойы Kids go Free бағдарламасы жұмыс істейді, соның арқасында балаларға Қазақстан бойынша тегін ұшақ билеттері ұсынылады. Сондай-ақ ел ішінде саяхаттайтын азаматтар үшін туристік кэшбек енгізу жоспарланып отыр. Біз қазірдің өзінде бар дестинациялар мен ішкі туризмге деген қызығушылықты арттыру бағытында жұмысты жалғастырамыз, - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралы іске қосылған болатын. Олардың ішінде - туристік нысандарды салуға және қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалған бизнестің шығындарын ішінара өтеу. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асқан 7 заңнамалық норманың арқасында мүмкін болып отыр.
 
Біріншіден, туристік объектілерді салу және реконструкциялау үшін кәсіпкерлік субъектісіне оның шығындарының 10% өтеледі. Екіншіден, бизнесменге жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын (қонақ үйлер, жанар-жағармай құю бекеттері, сауда және тамақтану пункттері және т.б.) салғаны үшін де осы мөлшерде өтемақы қарастырылған. Үшіншіден, 8 және одан да көп орындық туристік автобустарды сатып алғаны үшін 25% мөлшерде өтемақы енгізілді. Төртіншіден, осы мөлшерде тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықты сатып алу шығындары да қайтарылады. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау (айына 83 000 теңге) субсидияланады.

EL.KZ
Бөлісу: