Қазақстанда ірімшік пен сүзбе проблемаға айналды - министр

2 Мамыр 2023, 11:17 1221

Бүгінгі таңда сүт өнімдерін өндіру проблемаға айналып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өндірісінің көлемі 3,9%-ға өсіп, 2,9 триллион теңгені құраған. Соның ішінде өсімдік майы, ұн, макарон өнімдері, жарма, шұжық өнімдері мен қантты өндіру бойынша өсім бар.

Сондай-ақ ведомство басшысы өндірісі төмендеген өнімдерге де тоқталды. Олар негізінен сары май, сүт, ірімшік және сүзбе, ашытылған сүт өнімдері екені айтылды.

Бұл ретте ірімшіктер мен сүзбе бойынша 56%-дан 53%-ға дейін төмендеу байқалады. Осылайша, сүт өнімдері бойынша тағы да төмендеу байқалады. Қазіргі уақытта сүт өнімдерін өндіру проблемалы болып табылады. Бұл шикізат базасының дамымауымен байланысты.Сүт өнімдерін өндіруге арналған шикізат базасын кеңейту үшін өңірлік ӘКК арқылы ірі тауарлық-сүт фермаларының құрылысын жеңілдікпен қаржыландыруда Солтүстік Қазақстан облысының оң тәжірибесін кеңейту жөніндегі жоба іске асырылуда, – деді министр.

Министр Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта отандық сүт зауыттары сапалы шикізатпен қамтамасыз етілетініне және сүт бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендейтініне сендіріп отыр. Осыған орай 2023 жылға өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға 100 миллиард теңге бөлінбек.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: