Қарағанды облысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Достық – Мойынты теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы басталды, деп хабарлайды El.kz
Ұзындығы 836 км жаңа теміржол желісін іске қосу отандық өнімнің экспортын ұлғайтуға және елдің транзиттік әлеуетінің өсуіне ықпал етпек. Құрылыс барысында 419 құрылыс нысаны (5 ірі көпір, 87 шағын және орта масштабтағы көпір, 288 су жүргізу құбыры, 14 автожол өткелі), сондай-ақ энергетика және байланыс объектілерін салу жоспарланып отыр. Құрылыс 2025 жылдың 4-тоқсанында аяқталуы тиіс.
Жұмысты іске қосу рәсіміне телекөпір режимінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қатысты.
Премьер-Министрдің айтуынша, соңғы бес жылда елімізде транзитпен контейнер тасымалдау көлемі 4,4 есе өсті, биылғы 10 айда экспорттағы жүк айналымы 74 млрд тонна-километрден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға артық.
Теміржол саласында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру туралы шешім қабылданды. Олардың ішінде Достық – Мойынты, Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтаарал, Алматы маңындағы айналма жолдар және т. б. бар.
«Міне, бүгін соның бірі әрі ірі жоба Достық – Мойынты екінші теміржол құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл жоба осы бағытта өткізу мүмкіндігін 5 есеге арттыруға мүмкіндік береді және экспорттық тасымал мәселесін толық шешеді», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр жобаны іске асыру кезінде қазақстанның үлесі 80%-дан асатынын атап өтті. Атап айтқанда, шпалдарды, рельстерді, трансформаторларды жасауды, инертті материалдарды, құм мен қиыршық тасты жеткізуді жергілікті компаниялар жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар құрылысқа 3 700 адам жұмылдырылмақ, ал теміржол желісі пайдалануға берілген кезде 500 адам тұрақты жұмысқа орналастырылады.
Әлихан Смайылов жаңа теміржол учаскесіндегі жұмыстарды іске қоса отырып, «жобаны іске асырудың жиынтық тиімділігі 20 жыл ішінде бюджет түсімдерін 4,1 трлн теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді.
Ресми шараға орталық және жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылары, теміржолшылар мен сала ардагерлері қатысты.