Қазақстанда Халықаралық олимпиада күнін атап өтті

23 Маусым, 18:42 623

Бүгін, 23 маусым күні, бар әлемде Халықаралық олимпиада күні тойланып жатыр. Қазақстан аталған ауқымды шараға 31-рет қатысуда. Бұл туралы Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ерекше датаны тойлау барысында Қазақстан ұлттық олимпиадалық комитеті мереке мен олимпиадалық қозғалыстың маңызын арттыратын бірқатар іс-шара өткізді. 

Халықаралық олимпиада күні ұзақ жылдар бойы әлем халқын ортақ эмоцияға бөлеп, жеңіске деген ұмтылыспен біріктіріп келеді. Біз ҰОК-те барлық чемпионның балалық шақтан келетінін жиі айтамыз, сондықтан бұл спорттық мерекені міндетті түрде балалардың – болашақ чемпиондардың арасында өткіземіз.

Қазақстанда спортқа қатысты бала армандары орындалған кейіпкерлер мен қаһармандар өте көп. 

Осы мерекені бізбен бірге атап өткен баршаңызға алғыс айтамын. 

Ұлттық олимпиадалық комитеттің және біздің ҰОК президенті Геннадий Головкиннің атынан баршаңызды Олимпиада күнімен құттықтаймын, - деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Утешева. 

Отандық спорттың дамуына үлес қосқан еліміздің әрбір аймағы арнайы материалдар сериясында аталып өтті. Аталған мақалаларда біз Қазақстанның әр облысынан шыққан спорт қаһармандары туралы әңгімеледік. 

Халықаралық Олимпиада күнін мерекелеу барысындағы  алғашқы іс-шара – 2020 жылғы Токио ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы ту ұстаушыларының костюмін ҚР Ұлттық музейінің Қорына табыстау рәсімі болатын.  Аталған бірегей киім үлгісімен Токио Олимпиадасының ашылу салтанатында Олимпиада ойындары мен бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және еліміздегі ең танымал спортшы, жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова Қазақстан құрамасын алып шықты. 

Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігі Астанада өтті. Елорда тұрғындары бірнеше күн бойы түрлі спорттық іс-шараларға қатысып, ғаламдық деңгейде тойланатын Халықаралық Олимпиада күнінің бір бөлшегі атанды. Бұл іс-шараларға жалпы есебі мыңнан аса адам қатысқан. 

20 маусым күні «Барыс Аренада» су добынан жасөспірімдер арасындағы турнир өтті. Бәсекеге 15 команда қатысты: 2013 жылы туылған 11 жасөспірім ұлдар командасы және 2011 жылы туылған 4 қыздар командасы. Матчтар бірнеше күнге жалғасып, 20 маусымда финал жеңімпазы анықталды. Турнирдің алтын жүлдесі үшін Астана мен Көкшетау командалары таласып, нәтижесінде елордалық су добы шеберлері топ жарды. Күмісті Көкшетау, қоланы Батыс Қазақстан облысының командалары еншіледі. Жас ватерполшыларды жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин марапаттады. 

22 маусым күні мереке аясында интерактивті хоккейден турнир өтті. Жарысқа төрт елордалық команда қатысты: Астана-1, Астана-2, «Номад» және «Бригантина». 

Турнир форматы екі кезеңнен тұрады. Біріншісінде қатысушылар ойын приставкалары арқылы хоккей матчын өткізді. Кибер-кезең аяқталған соң, командалар кросс-айс форматында шайбалы хоккей ойнады. Жарыс  нәтижесінде «Номад» командасы топ жарды. Екінші орынды «Астана-2», үшінші орынды «Астана-1» иеленсе, «Бригантина» төрттікті түйіндеді. Интерактивті хоккейге инклюзивті балалар да қатыса алады. Олар  команданың киберспорттағы нәтижелерін еселесе, командаластары мұз айдынында ұпай жинайды.

23 маусым күні Астанадағы Орталық саябақтың ашық бассейнінде өткен жүзуден ISwim арнайы жарысына 200 жас спортшы қатысты. 7 мен 16 жас аралығындағы спортшылар ғаламдық мереке аясындағы турнирде өз шеберліктерін паш етті. 

Бүгін, 23 маусым күні,  негізгі іс-шаралар өткен Триатлон саябағына келушілер үлкен мерекенің бір бөлшегіне айналды. Спорттық бағдарлама аясында триатлон мен 3х3 баскетболдан жарыстар ұйымдастырылды. 

Триатлон додасына 250 адам қатысты. Кейін баскетболшылар естелік сыйлықтар үшін өзара сынға түсті. Одан бөлек, көркем гимнастика, брейкинг, таеквондо және бокстан қонақтарға арнайы көрсетілім нөмірлері ұсынылды. 

Мерекелік бағдарламаны брейкингтен Қазақстан ұлттық командасының мүшелері ашып, сахнада өз шеберліктерін көрсетті. Таеквондо және бокстан көрсетілім нөмірлерін  №3 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің спортшылары орындады. Ал көркем гимнастиканың сұлулығын №1 балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебінің гимнастары көпшілік алдында паш етті.

Спорттық жарыстарға қатысушылардың барлығы жарыс нәтижесінің қандай болғанына қарамастан, ХОК президенті Томас Бах пен Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкиннің қолы қойылған  Olympic Day қатысушысы сертификатын иеленіп, естеліктер сыйлықтармен марапатталды.  

Айта кетелік, 1948 жылы Санкт-Морицада өткен ХОК-тің 42-сессиясында Халықаралық Олимпиада комитеті жыл сайын 23 маусымда Халықаралық Олимпиада күнін өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл 1894 жылы 23 маусымда ХОК-тің құрылған күнін есте сақтау үшін жасалған қадам. Дәл сол күні Олимпиадалық қозғалысты бастаған барон Пьер де Кубертен халықаралық атлетикалық конгрестің алдында өзінің тарихи баяндамасын жариялаған болатын. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: