Бүгін Астанада Energy Trends: Gas&Petrochemicals форумының панельдік сессиясы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкімет, бизнес өкілдері және халықаралық сарапшылар газ саласын тұрақты дамыту жолындағы стратегиялық қадамдарды талқылады.
Аталған іс-шарада QazaqGaz ҰК АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов сөз сөйлеп, Қазақстандағы газдандыру деңгейі 2022 жылдың басындағы 53 пайыздан 2025 жылға қарай 61,8 пайызға артқанын, бұл қосымша 2,4 миллион адамның газға қол жеткізуін қамтамасыз еткенін атап өтті. Ең ірі қалалар – Астана, Алматы және Шымкент агломерациялары газдандырылды.
Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, еліміз газбен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз етіп, газ тасымалдау жүйесінің сенімділігін арттыра алды. Өз қаражатымыз есебінен инфрақұрылымдық жобаларға 700 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсадық, - деді QazaqGaz басшысы.
Ол сондай-ақ салада жүйелі геологиялық барлау жұмыстарының басталып, алғашқы нәтижелер көріне бастағанын айтты. Қазақстандық және шетелдік инвесторлар тартылып, алғашқы газ ағыны тіркелді. Бұл ретте жұмыс барысына жасанды интеллектті қолданатын цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде, бұл жаңа технологиялық модельге көшуге уақыт келгенінен хабардар етеді.
Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысы, солтүстік-шығыс аймақтарды газдандыру, «Орталық Азия – Орталық» магистральдық газ құбырын күрделі жөндеу, Талдықорған – Үшарал, Ақтөбе – Қостанай газ құбырлары, Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбырының екінші желісін және КС-14 компрессор станциясын салу басым жобалар қатарына кіреді.
Сонымен қатар Санжар Жаркешов Energy Trends форумының болашақта Астана газ форумына айналатынын жеткізді. Іс-шара саладағы өзекті мәселелерді талқылауға бағытталады. Оның айтуынша, Қазақстанның газ саласы алдағы он жылдықта елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын айқындайтын негізгі шешімдердің табалдырығында тұр.