Қазақстанда букмекерлік кеңселер саны екі есеге азайды

11 Шілде 2023, 16:00 1172

Соңғы 2,5 жылда Қазақстанда букмекерлік кеңселер саны екі есеге азайды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Егер 2021 жылдың басында елімізде 38 букмекерлік кеңсе болса, бүгінде олардың саны - 16, ал іс жүзінде жұмыс істейтіндерінің саны – 12.

Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру арқылы және сот тәртібімен букмекерлік кеңселердің санын азайту бойынша жұмыс жүргізеді. Мысалы, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен тапсырды.

Оқи отырыңыз:

Ал осы жылдың басынан сот шешімімен 5 букмекерлік кеңсе жабылды, олардың жұмысы қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес келмеді. Қазіргі уақытта тағы 3 букмекерлік кеңсеге қатысты лицензиялардың күшін жою жұмысы жүріп жатыр.

Қазақстандағы ойын бизнесі субъектілерінің жалпы саны да кеміп жатыр. Соңғы 5 жылда олар 2,5 есе азайды. Егер 2018 жылы 97 болса, биыл олардың саны 38 бірлікті құрайды.

Мәдениет және спорт министрлігі букмекерлік кеңселер мен ойын бизнесінің басқа да нысандарының заң нормаларын сақтауын мұқият қадағалайды. Мәселен, 2023 жылдың басынан министрлік сот тәртібімен ойын бизнесі саласындағы 7 лицензияның қолданылуын тоқтатты. Осыған ұқсас тағы 7 ұйымға қатысты жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ интернетте де мониторинг жүргізіледі. Биыл 3670 заңсыз онлайн-казино бұғатталды,- деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: