Қазақстанда букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынады

5 Маусым, 11:01 592

Мәжіліс ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ойын бизнесі туралы заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салады.

Дегенмен букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады, - деді мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар түзетулерде ұялы байланыс операторларына электронды казинолар, онлайн-казинолар, сондай-ақ халықтың абоненттік құрылғыларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салу көзделген.

Депутаттың сөзінше, жаңа заңда лотерея билеттерін тарату ережелері белгіленді.

Лотерея билеттерін, оның ішінде электронды билеттерді тек лотерея операторы мен агенті арқылы таратуға болады. Оларды сатуға лотерея терминалдары, стационарлық емес сауда объектілері, пошта операторының пошта байланысы филиалдары және лотерея операторының филиалдары арқылы рұқсат етіледі. Бұл ретте тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, діни ғимараттар мен құрылыстарда лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады, - деді мәжілісмен.

Миражан Махан
Бөлісу: