Енді елімізде пара беруге уәде еткендер де, пара беруді ұсынғандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мұндай ұсынысты Мәжілісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл - заң жобасының негізгі бастамаларының бірі. Қылмыстық кодекске пара ұсынуды, оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша түзетулер заң жобасына енгізілген. Бұл мәселе 16 жылдан бері күн тәртібінде тұр, - деді Сарқұлов.
Антикор өкілінің мәліметінше, 2008 жылдың мамыр айында Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында қылмыстық жазаланатын әрекеттер ретінде параны уәде етуді, ұсынуды, параны бопсалауды тану жөніндегі заңнамалық шараларды қабылдау қажеттілігі туралы көрсетілген.
Пара ұсынуды және оны беруге уәде етуді криминализациялау бойынша ұсынымдар Экономикалық ынтымақтастық пен Даму ұйымы сарапшыларының есептерінде тұрақты негізде қамтылған. Мысалы, Экономикалық ынтымақтастық пен Даму ұйымының Ыстамбұл іс-қимыл жоспары 5-раунд мониторингінің ұсынымына сәйкес, Қазақстанға пара ұсынғаны және оны уәде еткені үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу ұсынылды, - деді Сарқұлов.