Қазақстанда ауылдағы кәсіпкер әйелдерді қолдайтын қор құрылады

10 Қазан 2023, 18:22 3478

Қазақстанда Кәмшат Дөненбаева атындағы ауыл әйелдерінің бизнес бастамаларын қолдау қоры құрылады. Бұл туралы «Ұлы Дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаева мәлімдеді, деп El.kz ақпарат агенттігі.

«Ұлы Дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығының басшысы Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, аймақтарда қаржылық сауаттылық пен кәсіп бастауға ауыл әйелдерінің ынтасы жоғары. Қауымдастық жүргізген «Қарызсыз қоғам» бағдарламасына (халықтың қаржылық сауаттылығы жөніндегі жоба) қатысушылардың 68%-ы – әйелдер екенін тілге тиек етті. Олар мәселелерін шешу ғана емес, сондай-ақ өз табыстарын арттыру үшін де сарапшыларға жүгінеді. Сондықтан кәсіпкер әйелдерге ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, өз жобаларымен белсенді айналысуға мүмкіндік беру үшін қор құру идеясы ұсынылған.

Ауылдағы әйелдер қаржыландырудың жеткіліксізді, кәсіпкерлік дағдылар мен білімнің болмауы сияқты мәселелерге тап болады. Көбінесе несие алу үшін олардың кепілге қоятын мүлкі болмайды, өйткені олар енесінің немесе күйеуінің атына жазылады. Кепілге қояр мүлкі болса да, отбасы әйелдің бастамаларын құптамайды, оның бизнесін қолдамайды. Несиелік тарихы нашар әйелдер де бар. Олар не істерін білмейді. Сондықтан Қор ауылдағы кәсіпкер әйелдерге көмек көрсету, гранттық, кредиттік-жеңілдікті қаржыландыру, сүйемелдеу, бизнес-жоспар жазу бойынша жауапкершілікті өз мойнына алады, - деді Қауымдастық басшысы.

Қор басшысы ауыл әйелдеріне нақты қандай қолдау көрсетілетіні жөнінде айтып берді. 

Оларға шабыт беріп, ауылдық аумақтарды дамытудағы рөлін нығайтамыз.Елімізде гендерлік саясатты дамыту және қолдау бойынша көптеген бастамалар іске асырылуда, аталған Қор барлық белсенді әйелдерді біріктіруге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Қауымдастық басшысы.

Камшат Дөненбаева атындағы ауылдағы кәсіпкер әйелдерді қолдау қоры еліміздің барлық өңірін қамтиды.

Ауылда кәсіп бастау, кәсіп жүргізуді, жаңа кәсіптік дағдыларды үйрету, атап айтсақ, ірімшік жасау, құс өсіру, өндірісті кеңейту мақсатында ірі қара мал өсіру, ет-сүт өнімділігін арттыру жолдарын көрсетіп, үйретеміз. Арнайы жұмыс киім, төсек-орын жабдықтарын, құрақ көрпе, ұлттық киім тігу, көкіністерді қысқа жауып дайындау, томат пастасын өндіру, жемістер мен көкіністерді өсіру және тағы да басқа кәсіп дағдыларын үйретеміз, - дейді Ақмарал Бекмұрзаева.

Қордың жұмысы үшін алдағы уақытта демеушілер мен меценаттарды тарту жоспарланған.

Кәсіп ашылғаннан кейін дұрыс жүргізілуі тиіс. Осы орайда біз қолдау көрсетеміз, сарапшыларымыздың сүйемелдеуімен мемлекеттік грант, жеңілдетілген несиелерді алуға көмектесеміз, бизнес пландарды тегін жазамыз. Менторлық жүйені қалыптастырамыз, яғни тәжірибесі көп кәсіпкер әйел жас кәсіпкерлерге өз білгенін үйретеді.  Бұл қор ынталы топтың ұйымдастыруымен бастау алады, алайда ары қарай ауылдағы кәсіпкер әйелдерді қолдау үшін демеушілер мен меценаттарды тарту жоспарымызда бар, - деп түсіндірді қор басшысы.

Қор ауылдағы әйелдерге арналған ағартушылық қызметпен айналысуға, оларды қаржылық сауаттылық пен бизнес-процестерге үйретеді. Сондай-ақ Қор ауыл әйелдерінің жетістіктерін көтермелеу және тану жөніндегі жыл сайынғы «Ауылдың 100 табысты әйелі» жобасын жүзеге асырады. 

Айта кетейік, Қорға Кәмшат Дөненбаеваның есімін берудің де айырықша себебі бар. Кәмшат Дөненбаева - алғашқы қазақ тракторшы әйел, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР жастарының еңбек сіңірген тәлімгері, адал жар әрі көп балалы ана. Ұзақ жылдар бойы Кәмшат Дөненбаева ауылдағы әйелдерге үлгі болып, талай маман тәрбиелеп шығарған.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: