Қазақстанда Airbus тікұшақтары құрастырыла бастады

7 Сәуір 2023, 17:24 678

«Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясына қарасты «Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» зауытында H145 және H125 маркілі тікұшақтары жинақталып, тапсырыс берушілерге табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Airbus Helicopters H145-тің алғашқы данасы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне берілді. Бұл үлгідегі модель Airbus-тың қос моторлы тікұшақтарының тобына жатады.

Аталған әуе техникасының сапасы әлемдік өндіруші компаниялардың қолданыстағы стандарттарына, сондай-ақ Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің (EASA) ұшу жарамдылығының нормаларына сай келеді.  H145 әуеге көтерілгенде 5 қалақты ротор тербелісті айтарлықтай төмендетуге септігін тигізді. Бұл жоғары тербелісті бәсеңдету жүйесін қажет етпейтінін бас көрсетті. Нәтижесінде пайдалы жүктеме 150 килоға дейін ұлғайтылды. Осы тікұшақ өз санатында ауыр салмақты әуе техникасы саналады. Мысалы,  2019 жылы H145 Анд тауының биіктіктігі 6961 метр болатын Аконкагуа шыңына сәтті қонып, техникалық сипаттамасы оң жағынан байқалды, - деді «Қазақстан Инжиниринг» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов.

Қазір ТЖМ-нің авиациялық паркі отандық және шетелдік әуе құралдарымен, оның ішінде H145, H130 сынды тікұшақтармен толықтырылған.

Бұдан басқа Dala Air әуе компаниясына H125 тікұшағын табыстау рәсімі өткізілді. H125 – Airbus компаниясының бір моторлы тікұшағы. Оның нарықта сатылып келе жатқанына 40 жылдан асып, кейінгі 30 жылда өз санатында көш бастап келеді. Техникалық мүмкіндігі жағынан бұл тікұшақ әмбебаптығымен, қауіпсіздік деңгейі, сондай-ақ қолайлы құны және шұғыл жағдайлардағы ұтқырлығымен өз бәсекелестерінен озық болып тұр. FADEC цифрлы басқару жүйесімен жарақталған қуатты қозғалтқыш H125-ті 7 мың метр биіктікке дейін көтеруге мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған тікұшақтарды іздестіру-құтқару жұмыстарында, медициналық көмек көрсету мен санитарлық іс-шаралар жүргізуде, жабайы аңдар мен жануарларды санауда, орман қорына бақылау жасап, қорғау шараларына пайдалану жоспарланып отыр. Әуе құралы Қазақстанның климаттық және географиялық жағдайларына қолдануға толық жарамды, сонымен бірге биік таулы жерлер мен ыстық климатты уақыттарда ұшуға бейімделген.

Еліміздің авиациялық бөлімшелері мен техникалық құрамы жаңа тікұшақтарды тізгіндеп, оларға қызмет көрсетуге байланысты теориялық әрі тәжірибелік даярлаудан өткенін атап өткен жөн.

«Еврокоптер Қазақстан инжиниринг» – ТМД кеңістігінде Airbus тікұшақтарын құрастырып, техникалық қызмет көрсететін жалғыз кәсіпорын. Ол – «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ мен Airbus Helicopters компаниясының бірлескен жобасы. 

EL.KZ
Бөлісу: