Қазақстанда 141 Жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді

25 Маусым, 13:43 504

Орталық коммуникациялар қызметінде «Репродуктивті денсаулық аптылығы» тақырыбы бойынша отырыс өтіп жатыр. Отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің Ана денсаулығын қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Шәкизат Халықова жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын сақтау, нығайту мақсатында бірқатар шара қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сөзінше, жастар мен жасөспірімдерге көмек көрсету мақсатында елімізде 141 Жастар денсаулық орталығы (ЖДО) жұмыс істейді. Мұнда тегін білікті медициналық, психологиялық, әлеуметтік және заңгерлік көмек көрсетіледі. Жастар гинеколог, уролог, психолог және заңгерден кеңес алады.

Сонымен қатар салауатты өмір сүру салтын насихаттау, репродуктивтік денсаулықты күту, ерте жүктіліктен немесе ерте жыныстық қатынастан сақтанудың жолдарын насихаттау жұмыстарын жүргізу, - деді ҚР ДСМ Ана денсаулығын қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Шәкизат Халықова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Жастар денсаулық орталықтарына 900 мыңға жуық жас жүгінген.

Миражан Махан
Бөлісу: