2023 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанда деректерді қорғау және ақпараттың ағып кетуін болдырмау үшін жүйелі шаралар қабылданды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек елімізде 50 жеке жедел ақпараттық қауіпсіздік орталығы жұмыс істейтінін хабарлады, деп жазады El.kz ақпарат агенттігі.
Мамандардың кәсіби командалары ақпараттандырудың аса маңызды объектілерінің иелеріне және мемлекеттік органдарға IT-инфрақұрылымды қорғауға көмектеседі.
Сонымен қатар ақпараттық жүйелердегі осал тұстарын анықтау үшін жекеменшік BugBounty платформасы құрылды. Ол қазірдің өзінде әлемнің түкпір-түкпірінен 2,4 мыңнан астам тәуелсіз киберқауіпсіздік сарапшыларын тартты, олар ықтимал осал тұстар туралы, оның ішінде электрондық үкімет нысандарында 3 мыңнан астам есеп берді. Вице-министрдің айтуынша, әрбір осындай есеп қаралады және алынған ақпарат негізінде кемшіліктерді жою үшін шаралар қабылданады.
Азаматтардан мемлекеттік ақпараттық жүйелерден олардың дербес деректеріне қол жеткізу бойынша келісімдер жинау, сондай-ақ бұрын берілген келісімдер бойынша оларға қол жеткізу туралы eGov порталы арқылы хабарлау мүмкіндігі үшін күн сайын 1 млн-нан астам сұрау салуды дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисі өңдейді. Сервиспен 195 ақпараттық жүйе біріктірілген.
eGov-дағы «СТОП-несие» деп аталатын функцияда банктік қарыздарды алудан ерікті түрде бас тарту жасалды, бұл алаяқтарға оларды азаматтардың сыртынан рәсімдеуге мүмкіндік бермейді, ал несие алу қажет болған жағдайда азамат оны өшіре алады. Бұл функцияны 1,4 миллионнан астам азамат пайдаланды.
Сондай-ақ ЦДИАӨМ-ге дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылау функциясы берілген, бұған дейін ол болмаған. Жыл басынан бері азаматтардың шағымдары бойынша 79 тексеру шарасы өткізілді, — деді Асхат Оразбек.
Сондай-ақ вице-министр азаматтардың дербес деректерін таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту жоспарланып отырғанын хабарлады. Айыппұл мөлшерін 3 есе арттыру ұсынылады, қазір олар 10-нан 1 мың АЕК-ке дейін құрайды.
Сонымен қатар 1 млн-нан астам азаматтың дербес деректерін өңдейтін меншік иелері мен операторлар үшін міндетті кибер сақтандыруды енгізу көзделіп отыр, бұл азаматтарға деректер ағып кеткен жағдайда материалдық өтемақы алуға, ал компанияларға – тұтастай алғанда ақпараттық қауіпсіздікке назар аударуды күшейтуге мүмкіндік береді.
Премьер-министр Олжас Бектенов интернет-алаяқтыққа қарсы күресте халықаралық тәжірибені, әсіресе, табысты модельдер әзірленген және біздің заңнамамыздың ерекшеліктеріне бейімдеуге болатын елдердің тәжірибесін белсенді қабылдауды тапсырды.
Цифрлық технологиялардың кеңінен енуі әртүрлі алаяқтық әрекет санының өсуімен қатар жүруде. Күн сайын дерлік киберқылмыстар жасалады. Азаматтарды алаяқтардан қорғау үшін түбегейлі шаралар қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.