Қазақстанда 13,5 мың шетел азаматы жұмыс істейді

27 Ақпан 2023, 10:57 839

2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 496 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Шетел жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 570 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 3 000 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 7 388 және 883 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 217 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 438 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 645 жұмыс беруші бар. Оларда 411 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5 458 адам (42%); тау – кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 879 адам (11%); ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 733 адам (4%); өңдеу өнеркәсібі –  1 641 адам (7%); кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 1 057 адам (8% ).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 411 адам, Үндістан – 1 693 адам, Түркия – 1 615 адам, Ұлыбритания – 1 104 адам, Өзбекстан – 391 адам.

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2023 жылға Еңбекмині ШЖК тартуға арналған квотаны 22 226 бірлік (0,24%) белгіледі.

 
 
EL.KZ
Бөлісу: