Қазақстанда 1,3 мың шақырым жаңа теміржол желісі салынады

Бүгiн, 12:48 132

2027 жылға дейін Қазақстан 1,3 мың шақырым жаңа теміржол желісін салуды жоспарлап отыр. Олжас Бектенов президент жүктеген міндеттерді орындау шеңберінде көлік желілерін жаңғырту жобаларын уақтылы іске асыруды тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері қаралды. 

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров премьер-министрге перспективалы инфрақұрылымдық жобалар туралы баяндады. 2027 жылға дейін Қазақстанда 1,3 мың шақырым жаңа теміржол желісін салу, ал 2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жоспарланған, оның 2,8 мың шақырымында жұмыстар аяқталды.

Бұдан басқа, рекордтық қамтуы 12 мың шақырымды құрайтын жолдар салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, оның 7 мыңы биыл аяқталады. Автокөлік тасымалдарының тиімділігін арттыру үшін 2029 жылға дейін ЕАЭО ішкі шекарасындағы 36 өткізу бекетін жаңғырту жоспарланып отыр.

Көлік министрлігінің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде темір жол тасымалы бойынша экспорт 130 млн тоннаға дейін жеткізіледі, импорт пен транзит көлемі тиісінше 60% және 65%-ға артады. Автокөлік тасымалдары бойынша экспорт пен импорт 2 есеге, транзит 6 есеге артады деп күтілуде.

Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігіне жоспарланған барлық жобаның уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: