Қазақстан Жазушылар одағының жаңа төрағасы сайланды

12 Мамыр 2023, 14:15 2178

Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрында Қазақстан жазушыларының кезекті ХVІ құрылтайы өтті.  Бес жылда бір рет өтетін жиында алдымен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жазушыларға құттықтауын жеткізді.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет бес жылда атқарылған жұмыстар жөнінде есептік баяндама жасады.

Ұлықбек Есдәулет өзінің 15 елдің қаламгерлері мүше ретінде кірген Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы болып сайлануына байланысты қызметінен кететінін мәлімдеді.

Құрылтайдан соң басқарма жиынында жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы болып сайланды. Сондай-ақ оның орынбасарлары белгілі болды.

Айта кетейік, қаламгер-журналист Мереке Әбдешұлы Құлкенов 1951 жылы 8 қарашада Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қарабау ауылында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты. Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты.

Равиль Ашығали
Бөлісу: