Қазақстан Венгриядағы бокс турнирінде топ жарды

12 Ақпан 2023, 10:10 1196

Қазақстандық боксшылар Дебреценде тоғыз медаль иеленді

Бокстан Қазақстанның ерлер құрамасы Дебрецендегі (Венгрия) Иштван Бочкайды еске алу халықаралық турнирінде финалдық жекпе-жектер  өткізіп, медальдық есепте бірінші орынды иеленді.

Венгрияда 1955 жылдан өткізілетін бұр турнир тұрақты түрде Дебрецен қаласында жыл сайын жалауын көтереді. Дебрецен Венгрияның шығысындағы тұрғындарының саны бойынша Будапешттен кейінгі екінші қала, елдің мәдени және білім беру орталығы. Халықаралық турнир Иштван Бочкаиды еске алу мақсатында 1954 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Иштван Бочкаи 1604-1609 жылдары Венгрияның тәулсіздігі үшін күрескен ұлттық көсем. 

Қазақстандық боксшылар тоғыз медаль жеңіп алды — алты алтын және үш қола. Ерлер арасында медальдық есепте екінші орынды Украина құрамасы иеленді. Оның он медалі бар: үш алтын, үш күміс және төрт қола. Үшіншісі Германия командасында жеті медаль: екі алтын, екі күміс және үш қола.

Қазақстанның ерлер құрамасында Теміртас Жүсіпов (48 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Саматәлі Төлтаев (60 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Аятолла Тәкежанов (75 кг) және Айбек Оралбай (92 кг) финалдық жекпе-жектерде бақ сынасты. Олардың барлығы тактикалық, техникалық басымдық көрсетіп алтын медальдарды иеленді. Тағы үш қазақстандық боксшы — Дамир Әбдіқадыр (51 кг), Дәулет Молдашев (54 кг) және Ермахан Жақпеков (71 кг) турнирдің қола жүлдегері атанды .

Сонымен қатар, Қазақстан әйелдер құрамасы Иштван Бочкаи турнирінен құралақан қайтқан жоқ. Финалда Қазақстан атынан үш спортшы қатысты: Римма Волосенко (60 кг), Лаура Есенкелди (63 кг) және Валерия Аксенова (+81 кг).

Римма Волосенко жекпе-жексіз, қарсыласының шықпауына байланысты жеңіске қол жеткізді. Лаура Есенкелди ағылшын Анна Робинсонмен кездесіп, оны бөлінген шешіммен жеңді. Соңғы финалдық жекпе-жекте Валерия Аксенова поляк Агата Качмарскаямен жекпе-жек өткізіп, оған төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіліп, жарыстың күміс жүлдегері атанды.

Қайрат Сәки
Бөлісу: