Қазақстан үшін біржақты позиция геосаяси қақпанға айналуы мүмкін – саясаттанушы

31 Қазан 2023, 21:31 788

Қазақстандық саясаттанушы Асхат Қасенғали еліміздің көпвекторлы саясатына қатысты пікір білдірді, El.kz ақпарат агенттігі.

Осы ай біздің көпвекторлы саясатымызды нығайта түсетін бірнеше шараға толы болмақ. Ертең елімізге Франция басшысы Макрон келеді. Өткен жылы қазақ президенті барды, биыл француз басшысы келді дегендей. Екі ел арасында, әрине, сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынас, тауар айналымы мәселесі талқы болары сөзсіз.

Артынша араға бірнеше күн салып Венгрия премьері Орбан келеді. Мажар басшысы соңғы уақытта Еуропа қауымдастығында аса бір симпатияға ие емес. Себебі Украинаға берілетін көмекті тоқтатып, Швецияны НАТО-ға қосу құжатын да ратификацияламады. Алайда Еуропа мен Венгрия арасындағы қатынас бізді қызықтыра қоймайды, біз қазақ-мажар арасындағы қатынасты талқы етіп, екі ел арасындағы экономикалық мәселені сөз етеміз. Бұл біз үшін керек, - деді ол.

Саясаттанушы сонымен қатар түркітілдес халықтардың көшбасшыларының елімізге жол тартуы да маңызды мәселе екенін тілге тиек етті.

Осы айдың тағы бір маңызды шарасы Түркі мемлекеттері ұйымының басшылары қарашаның басында «Қазақстан, қайдасың» деп бізге жол тартады. Күні кеше республикасының 100 жылдығын тойлаған Түркия басшысы Ердоған, Қарабақты тұтас қайтарған Әзербайжан басшысы Әлиев, іргелес жатқан Қырғызстан мен Өзбекстан басшылары да бізде қонақ болмақ. Ұйымда бақылаушы болып жүрген Түрікменстан мен Венгрия басшылары да біздің елімізден табылмақ. Жиында түркілер арасындағы мәдени байланыстан бастап экономикалық жобаларға дейін сөз болады. Транскаспий бағыты басты назарда болады деп ойлаймын. Себебі арасын Каспий бөліп тұрған түркілердің қатынасы осы бағытқа тіреліп тұр. Транскаспий бағыты қаншалықты тез, жылдам әрі ауқымды бола түседі, соншалықты түркілер арасындағы экономикалық байланыс та артады. Біздің мұнай, астық, өзге де шикізат өнімдері осы бағытпен көбірек Кәрі құрлыққа шыға бастайды. Президент соңғы уақытта осы бағытқа басымдық беруге қатысты бірнеше мәрте айтты. Себебі бұл Ресей аумағын арқылы өтетін тауарымыздың барлығын болмаса да біразын осы бағытпен тасымалдап, тауар қатынасындағы транспорт-логистика жүйесін диверсификациялауға мүмкіндік береді. Бұл да көпвекторлы саясат пен ұлттық мүддеміз үшін керек қадам, - деп түйді ойын маман.

Елімізге алдағы уақытта келуі мүмкін Ресей басшысы Владимир Путиннің де сапарының астарына тоқталып, бұған да мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарау керектігін айтады. 

Ресей аумағы деп қалдық, жыл соңына дейін Ресей басшысы да келуі мүмкін. Нақты болмаса да сондай ақпарат ресейлік сайттарда, телеграм арналарында оқтын-оқтын шығып қалып жатыр. Бірақ нақты емес.

Яғни осы айдың өзінде бірнеше елдің басшыларымен маңызды кездесу болады. Қарап тұрсақ, келетін елдердің көбі геосаяси кеңістікте өзара бәсекелес, кейбірі ашық жауластық күйінде. Дей тұра біз үшін олардың өзара қатынасы емес, бізбен орнататын қатынасы және біздің ол қатынастан алатын пайдамыз маңыздырақ. Қазақстан билігінің, президенттің, Сырты істер министрлігінің ұстанатын көзқарасы мемлекеттік мүдде мен көпвекторлы саясаттан ауытқымауы қажет.

Тақырыпқа тұздық болсын. Кеше интернетте «Израильге мұнай сатуды уақытша тоқтатайық» деген петиция шықты. Оған бәленбай мың адам қол қойды. Жеке көзқарастары ретінде шешімдерін түсінуге болады, бірақ мемлекеттік мүдде тұрғысынан қате ұсыныс. Экономиканың басым бөлігін құрайтын мұнайды бір елге сатуды жекелеген адамдардың эмоциясына қарап тоқтату – мемлекеттік, ұлттық мүддеге жасалған қиянат. Себебі ондай шешімнің артында халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі, елдің бюджеті және басқа жатыр дегендей. Мемлекеттік мүддені, ұлттық мүддені барлығынан жоғары қою керек.

Саясаттанушы ойын қорытындылай келе Қазақстан елдерді дос, жау деп бөліп қарамай, мүдде жолында ғана әрекет етуі керектігін алға тартты.

Қорыта айтқанда, Англияға қатысты қанатты сөзге Қазақстанды қоя салуға болады. «Англияның мәңгілік досы да, мәңгілік жауы да жоқ, тек өзгермес мүдделері бар» дегенді «Қазақстанның мәңгілік досы да, мәңгілік жауы да жоқ, тек өзгермес мүдделері бар» деп түсініңіз. Еуропа, АҚШ, Қытай, Ресей, араб, түркі әлемінің басшылары келгенде, осы сөзді еске алсақ жеткілікті. Қазақстан көпвекторлы саясатты алға жылжыта береді, себебі біржақты позиция біз үшін геосаяси қақпанға айналуы мүмкін, - деп түйіндеді сөз ол.

Перизат Саденова
Бөлісу: