Қазақстан Тәуелсіздік жылдары қандай жетістіктерге жетті?

16 Желтоқсан, 10:00 690

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне – 33 жыл. Еліміз 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялап, саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда жаңа белестерді бағындыруға бет бұрды. Бұл жылдар ел тарихындағы жаңа дәуірдің басталуы болды. Мемлекет тәуелсіздік жылдарында көптеген қиындықтарды еңсере отырып, халықаралық аренада өз орнын айқындап, тұрақты дамуға қол жеткізді. Бүгінгі мақаламызда Қазақстанның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріне кішігірім шолу жасауды жөн көрдік.

Тәуелсіздіктен кейінгі өзгерістер

1991 жылы Қазақстан егеменді ел ретінде әлемге танылды. Тәуелсіздігімізді алғаш болып Америка құрама штаттары, Қытай мен Ұлыбритания мойындады. Мұнан соң Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам Республикасы Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде таныды. 

1991 жылдың тағы бір тарихи оқиғасы – 2 қазанда қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа аттануы. Бұл оқиға Қазақстанның ғылыми және техникалық әлеуетін әлемге танытқан ерекше сәттердің бірі болды.

1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Бұл қадам еліміздің халықаралық аренада өз орнын алуының маңызды кезеңі болды. Сол жылы елімізде мемлекеттік рәміздерді – Әнұран, Елтаңба және Туды жасауға арналған конкурс жарияланды. Ал 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны туралы» заңдарға қол қойды. Бұл құжаттар еліміздің тәуелсіздігін, ұлттық бірегейлігін және егемендігін бейленейтін маңызды рәміздер ретінде қабылданды.

1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының тұңғыш Конституциясы — Ата Заңы қабылданды. Бұл маңызды құжат еліміздің құқықтық негіздерін айқындап, тәуелсіз Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына жол ашты.Сол жылы 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге айналымға енгізілді. Теңгенің енгізілуі еліміздің экономикалық дербестігін нығайтып, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызды қадамы болды. Ұлттық валюта елдің тәуелсіздігінің символы ретінде үлкен маңызға ие.

1994 жылы 16 ақпанда Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Бұл қадам арқылы Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартып, ядролық қарусыз мемлекет ретінде жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесін айқындады. Бұл шешім әлемдегі ядролық қарусыздану үдерісіне қолдау көрсетіп, бейбітшілікті нығайту жолындағы маңызды бастама ретінде тарихта қалды.

1995 жылы 30 тамызда Қазақстан Республикасында жалпыхалықтық референдум өткізіліп, жаңа Конституция қабылданды. Бұл маңызды қадам еліміздің саяси жүйесін жаңарту мен нығайтудың негізі болды. Конституция 9 тараудан және 98 баптан тұрады, ол Қазақстанның демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасуына бағытталған құқықтық негіздер мен принциптерді айқындайды. 5 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Конституциясы өз күшіне енді. Бұл құжат тәуелсіз Қазақстанның саяси және құқықтық дамуының маңызды кезеңін білдіреді.

1996 жылы Қазақстанның қатысуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) құрылды. Алғашында ұйымның болашағына қатысты күмәндер болғанымен, уақыт өте келе ШЫҰ өзінің шынайылығын, қажеттілігін және халықаралық аренадағы маңызды рөлін көрсетті. Бұл ұйым аймақтық қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық, сауда және мәдени байланыстарды нығайту мақсатында құрылған болатын. Бүгінде ШЫҰ әлемдегі ең ірі аймақтық ұйымдардың бірі болып, беделі мен ықпалы айтарлықтай жоғарылады.

1997 жылы 20 қазанда «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлық шықты. Ал 1998 жылы 6 мамыр күні Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Қазіргі таңда Астана – Орталық Азияның маңызды саяси, мәдени және экономикалық орталығы.

2004 жылдың 24 желтоқсанында «Ақорда» резиденциясы ашылды. Бұл ғимараттың жалпы ауданы 36 720 шаршы метрді құрайды және елдің саяси және мәдени өмірінде маңызды орын алады. Ақорда — Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс орны әрі мемлекеттің басшылығының символы болып саналады. Сол жылы Астанада Қазақстан Республикасының бірінші президентінің музейі де ашылды. Музейде Қазақстанның тәуелсіздік тарихы мен тұңғыш президенттің өмірі мен қызметіне қатысты 100 мыңнан астам экспонат жинақталған. Бұл музей ел тарихын тереңірек зерттеуге, жастарға ұлттық құндылықтарды ұғындыруға үлкен үлес қосып келеді.

2006 жылдың қаңтарында Қазақстанның жаңа әнұраны қабылданды. Әнұранның негізі ретінде композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні таңдалып, ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған болатын. Қолданыстағы әнұран мәтініне тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Қазақстан Республикасы Парламенті қабылдады. Бұл әнұран Қазақстанның тәуелсіздігін, бейбітшілігін және бірлігін көрсететін маңызды құжатқа айналды.

Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағасы, ал 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Сонымен қатар, Сириядағы бейбітшілік орнатуға бағытталған Астана процесі елдің дипломатиялық әлеуетінің айғағы.

2014 жылдың тамыз айында Қазақстан үкіметінде маңызды қайта құру жұмыстары жүргізілді. Осы өзгерістер нәтижесінде бұрынғы 17 министрлік пен 9 агенттіктің орнына 12 министрлік және шамамен 30 комитет құрылды. Бұл реформа мемлекеттік басқаруды оңтайландырып, тиімділігін арттыруға бағытталды. Қаржы полициясының қызметі мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес істері жөніндегі агенттікке берілді. Сонымен қатар, жаңа министрліктер құрылып, энергетика, мәдениет және спорт, инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктері қайта ұйымдастырылды. Бұл қадамдар Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуын жеделдетуге, сондай-ақ мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталды.

2017 жылы Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ірі оқиға — EXPO-2017 халықаралық көрмесі өтті. Көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында елорда Астанада (қазіргі Астана) ұйымдастырылды. Бұл шараның негізгі тақырыбы — «Болашақ энергиясы» болды, ол жаңартылатын энергия көздері мен экологиялық таза технологияларды дамыту мәселелеріне арналды. EXPO-2017 көрмесін тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллионнан астам адам келді. Көрмеге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, өз павильондарында заманауи технологиялар мен инновациялық идеяларын ұсынды. Бұл оқиға Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, елдің ғылым мен технология саласындағы жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік берді.

2019 жыл Қазақстан тарихында ерекше оқиғалармен есте қалды. 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатып, мемлекет басшылығын Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл еліміздің саяси өміріндегі маңызды өзгерістердің бірі болды. Сол жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау өтіп, нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70 пайыздан астам дауысын жинап, ел Президенті болып сайланды. Бұл оқиғалар Қазақстанның саяси жүйесінің жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетті. 

Қазақстан мұнай қоры бойынша әлемде 12-орында, ал уран өндірісі бойынша бірінші орында тұр. Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз сияқты ірі мұнай-газ жобалары әлемдік деңгейде танымал.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша 15 мыңнан астам жас шетелде білім алып, ел экономикасына өз үлесін қосуда.

ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұра тізіміне қазақтың күй өнері, айтыс, киіз үй, қазақша күрес, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі, беташар және т.б. енуі ұлттық мәдениеттің халықаралық деңгейде танылуына жол ашты.

Қазақстан 130-дан астам ұлт пен ұлыстың татулығын сақтап, бірегей моделін қалыптастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық келісімнің тұрақты құралы ретінде жұмыс істеп келеді.

Еліміздің жоғарыда аталғандардан бөлек, жеткен жетістіктері көп. Мемлекеттің дамуы үшін көптеген бағытта қарқынды жұмыстар жүргізілуде.

Осылайша Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап, аймақтық және халықаралық деңгейде танымал елге айналып отыр. Экономикасын жаңғырту, халықтың өмір сүру деңгейін арттыру және ұлттық мәдениетті жаңғырту арқылы ел жаңа белестерге көтерілді. Енді болашақта Қазақстанның стратегиялық мақсаты – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктер осы мақсатқа қол жеткізуге негіз болмақ.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: