Қазақстан таеквондо федерациясының жаңа президенті сайланды

6 Қыркүйек, 15:56 474

6 қыркүйек күні Астанада Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясы мүшелерінің кезектен тыс жиналысы өтіп, федерацияның жаңа президенті сайланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға қатысқан 20 облыстық федерация мен спорттық ұйымдардың өкілдерінен ұсынылған кандидатураны 14 адам қолдады. Нәтижесінде Қазақстандық таеквондо (WT) федерациясының президенті болып Шамиев Кудрәт Игнатұлы сайланды.

Жеке мақсаттарымның жетегінде емес, ел мүддесі үшін осы қызметке келіп отырмын. Алда Лос-Анджелес Олимпиадасы бар, бірақ біздің жұмыс стратегиямыз бір олимпиадалық кезеңмен шектелмей, 20 жылға бағыт-бағдарымыз айқын болуы тиіс. Әр спортшының толыққанды дайындығы үшін қажеттінің барлығын ұсынып, кез келген деңгейдегі жарысты әділ өткізу – бізге артылған аманат деп білемін. ҚР Туризм және спорт министрлігі және Ұлттық олимпиада комитетімен бірге бір жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз, - деді Шамиев өз сөзінде.

Федерация мәліметінше, Кудрәт Шамиев – кәсіпкер-меценат, 34 жаста, Азия-Тынық мұхиты технология және инновациялар университетінде «халықаралық бизнесті басқару» мамандығы бойынша білім алған, еңбек өтілі 12 жыл, қазіргі уақытта «Integra Construction KZ» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, 2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Естеріңізде болса, Париж Олимпиадасында екі таеквондошы бақ сынап, екеуі де жеңіліс тапқан соң федерация президенті Вячеслав Кимнан бастап вице-президенттер, бас хатшы қызметінен кетті.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: