Қазақстан спортындағы танымал егіздер

7 Қазан, 15:49 910

Қазақта «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ» деген сөз бар. Дегенмен елімізде бұл сөзді жоққа шығарып жүрген егіз спортшылар аз емес. Туризм және спорт министрлігі бір спорт түрімен шұғылданып, байрақты бәсекеде ел қоржынына жүлде салып жүрген саңлақтар тізімін жасаған. Осы орайда назарларыңызға еліміздегі егіз спортшылардың бір бөлігін ұсынуды жөн көрдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айбек және Нұрбек Оралбайлар (бокс)

Спорт үйірмесіне бокспен емес, күреспен шұғылданамыз деп келген егіздер бүгінде тек елімізде ғана емес, әлемде де өз салмағының үздік боксшылары. 80 кг салмақта жұдырықтасатын Нұрбек Оралбай жуырда Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар ол жастар мен ересектер арасындағы әлем чемпионы, Азия біріншілігінің қола жүлдегері.

Биыл +92 кг салмаққа ауысқан егіздің сыңары Айбек 2018 жылғы жасөспірімдер санатындағы Олимпия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы және жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.

Жәмила және Мәдина Бақбергеновалар (әйелдер күресі)

Жәмила мен Мәдина Бақбергеновалар – еліміздің күрес түрлері тарихында қазақ қыздары арасында ең көп жүлдеге қол жеткізген спортшылар. Жәмиланың еншісінде әлем чемпионатының үш жүлдесі, Азия біріншілігінің бес медалі бар. Бұдан бөлек, ол Азия ойындары, Ислам ынтымақтастық ойындары, жасөспірімдер мен 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында жүлде алған.

Мәдинаның да бозкілемдегі жетістігі аз емес. Ол Азия біріншілігінде үш рет тұғыр сатысына көтеріліп, 23 жасқа дейінгі әлем және Азия чемпионатында жүлдегер атанды.
 
Ғұсман және Ғұмар Қырғызбаевтар (дзюдо)

Биыл қазақстандық дзюдошылар халықаралық аренада үздік нәтиже көрсетті. Олимпиадада олжа салып, шетелдегі жарыстарда да жеңімпаз атанды. Солардың қатарында Париж Олимпиадасының – қола, әлем және Азия біріншіліктерінің жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та бар. Ғұсманның сыңары Ғұмар да дзюдошы. Ол әлемдік Гран-при кезеңінде және әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдесін алған. Сонымен қатар ішкі чемпионатта да үздіктер қатарынан көрініп жүрді.
 
Алина және Кристина Шумековалар (конькимен жүгіру)

Жастығына қарамай, апалы-сіңлілі Шумековалар халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Конькимен жүгіру спортынан ҚР спорт шебері Кристина биыл Оңтүстік Кореяда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада ту ұстаушы болды. Сондай-ақ ол өз жас санатындағы ел және Әлем кубогының күміс жүлдегері. Алина мен Кристина командалық сайыстарда да ел қоржынына бірнеше жүлде салды.
 
Фатима және Зухра Ирназаровалар (нысана көздеу)

Нысана көздеуден Қазақстан әйелдер құрамасының спортшылары Фатима мен Зухра халықаралық жарыстарда үздік нәтижелерімен көзге түсіп жүр. Олар юниорлар арасындағы әлем чемпионатында бір алтын (Фатима) және бір қола (Зухра) медаль, Азия ойындарында командалық сайыста күміс жүлде жеңіп алса, жекелей сында Зухра алтыннан алқа тақты. Фатима 2019 жылғы Азия чемпионатында үздік шыққан.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: