Қазақстан-Словакия ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды

12 Желтоқсан 2023, 21:28 838

Қазақстан-Словакия ынтымақтастығын екі ел дамуының жаңа кезеңінде нығайту перспективалары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың Братиславаға жұмыс сапары барысында, сондай-ақ министрліктердегі, Парламенттегі әріптестермен және іскерлік топтар өкілдерімен өткен кездесулерде белгіленді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Словакия Республикасының Сыртқы және Еуропа істері министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Растислав Хованецпен саяси-экономикалық консультациялар барысында тараптар екіжақты қатынастардың жай-күйі мен перспективаларын, сондай-ақ екі елдің халықаралық платформалардағы өзара іс-қимылын талқылады. Биыл елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығы аясында Р. Василенко мен Р. Хованец Қазақстан-Словакия ынтымақтастығының үдемелі және серпінді дамып келе жатқанын айтты. СР СЕІМ Мемлекеттік хатшысы Қазақстанның словак іскерлері ынтымақтастыққа мүдделі бес алдыңғы елдің қатарына кіретінін атап өтті.

Саяси байланыстарды жандандыру, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Астанада жоспарланған экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словакия ҮАК 10-отырысына және бизнес-форумға сапалы дайындыққа ерекше назар аударылды. Сыртқы саясат ведомстволарының парламентаралық, ведомствоаралық және өңіраралық байланыстарды, іскерлік, мәдени және білім беру алмасуларын дамытуға өзара жәрдемдесу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасу барысында БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастық пен өзара қолдау мәселелері қарастырылды. Р. Василенко Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығын, сондай-ақ Қазақстан мен ЕО арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім аясында екіжақты өзара іс-қимылдың кең мүмкіндіктерін атап өтті.

СР Экономика министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Владимир Шимоньакпен келіссөздер барысында екі ел арасындағы өзара сауда өсімінің оң динамикасы атап өтілді, оның көлемі 2023 жылдың қаңтар-қазан айларында 68,5%-ға өсті. Энергетика, көлік, машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі, IT секторы, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Қазақстандық дипломат ҮАК-қа төрағалық ету деңгейін көтеруді және комиссияның 10-отырысының күн тәртібін энергетика, трансконтиненталдық көлік-транзиттік ынтымақтастық салалары, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасында жүк тасымалдаудың жаңа бағыттарын құру мәселесі есебінен кеңейтуді ұсынды. Осы тұрғыда Р. Василенко Қазақстан мен Словакия арасындағы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемін арттыруды ұсынды.

Инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта 500-ден астам қазақстандық СР автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарында техникалық оқудан және тәжірибеден өтіп жатқаны атап өтілді. Словакияның жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттердің саны жыл сайын артып келеді.

Р. Василенко СР Халық Радасы Халықаралық істер жөніндегі комитетінің Төрағасы Мариан Керимен кездесуі барысында сұхбаттасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені реформалау және ҚР жаңа экономикалық бағытын жүзеге асыру жөніндегі бастамалары туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Бұған дейін Астанаға бірнеше рет келген М. Кери қазақстандық реформаларды жоғары бағалап, Қазақстан басшылығының жан-жақты саяси жаңғыртуға, парламентаризмді, көппартиялық жүйені және адам құқықтары жүйесін нығайтуға бағытталған табысты бағытын атап өтті.

Қазақстандық реформалар «АСА» аналитикалық институты басшылығының, «Жаңа сөз» сараптамалық клубының және словакиялық БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстелдің басты тақырыбына айналды. Іс-шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Р. Василенко демократияландыру, заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау және азаматтық қоғам институттарын нығайту қағидаттарына негізделген Қазақстанның саяси құрылымының жаңа үлгісін ұсынды. Дипломат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі аспектілеріне тоқталды.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның әлеуметтік әділеттілік, бәсекелестік артықшылықтарды дамыту және еңбек, капитал, ресурстар және технологияның тиімді симбиозына негізделген жаңа экономикалық модельге көшуінің маңыздылығын атап өтті. Саясат, экономика және әлеуметтік саладағы ауқымды өзгерістер Қазақстанды мемлекеттік реформалардың тереңдігі мен қарқыны бойынша өңірлік көшбасшыға айналдырып отырғаны туралы мәлімдеді.

Жұмыс сапарының соңында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қазақстан Тәуелсіздігінің 32 жылдығына арналған мәдени іс-шараға қатысты. Братиславада қазақтың көрнекті ақыны, Алашорданың көрнекті қайраткері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай оның Словакияда алғаш жарық көрген жыр жинағының тұсаукесері өтті.

Р. Василенко Словакиядағы ең көне және кең танымал – Братислава Университеттік кітапханасына қазақ ақынының кітаптар жинағын сыйға тартты. Ол Мағжан Жұмабаевтың словак тіліне әдеби поэтикалық аудармада жарияланған кітаптары көптеген оқырмандар үшін үлкен қызығушылық тудыратынына сенім білдірді.

Берік Арманов
Бөлісу: