Қазақстан құтқарушылары Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатыр

9 Ақпан 2023, 19:49 1484

ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан іздестіру-құтқару жұмысына қатысты соңғы ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

«9 ақпанда Қазақстан Республикасының құтқарушылар тобы Түркияның 3 қаласында іздестіру-құтқару операциясын жалғастырып жатыр. Олардың қатарында Газиантеп, Нұрдағы және Хатай қаласы бар. Құтқарушылар үйінді астынан 10 адамның мәйітін алып шықты. Одан бөлек, 4 адамды тірідей құтқарды. Біздің мамандар екі ауысымда (күндіз, түнде) жұмыс істеп жатыр. Іздестіру-құтқару жұмысын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүзеге асырудамыз», - деді Ибрагим Күлшімбаев.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, құтқарушылар тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған.

Айта кетейік, осыған дейін Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 12 391 адамға жеткендігін хабарлаған болатынбыз.

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін хабарсыз кеткен Сабина Мамадьярова аман табылды. Бұған дейін Түркияның оңтүстік-шығысындағы жер сілкінісінен кейін бірнеше қазақстандықтың хабарсыз кеткені туралы жазған едік.

Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркияның Газиантеп қаласына жетті. Қазіргі уақытта жабдықтар мен жеке құрамды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді. Сонымен қатар бүгін Қазақстандықтардың екінші тобы Түркиядан қайтарылды.

Түркияда жойқын зілзаладан қаза болғандар саны 14 мыңнан асты, тағы 63 мың 794 адам жараланғанын жазған болатынбыз.

Бүгін ТЖМ Юрий Ильин қазақстандық құтқарушылардың жұмысы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген еді.

 

EL.KZ
Бөлісу: