Қазақстан құрамасы IIHF рейтингінде бір саты жоғарылады

29 Мамыр 2023, 19:12 722

Халықаралық шайбалы хоккей федерациясы (IIHF) Тампере (Финляндия) және Ригада (Латвия) өткен әлем чемпионаты қорытындысы бойынша ұлттық құрамалардың жаңартылған рейтингін жариялады.

Қазақстан құрамасы IIHF жаңа рейтингінде бір позицияға көтеріліп, 16-орыннан 15-орынға жоғарылады. Ғалым Мәмбеталиев шәкірттері 3170 ұпай жинаған, деп хабарлайды Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының баспасөз қызметі. 

Ал әлемдік рейтингтің көш басына 2023 жылғы әлем чемпионы Канада (4150 ұпай) жайғасты. Бұл құрама біріншілікте 28-рет топ жарды. Финалда олар Германияны 5:2 есебімен жеңді. Одан кейін Финляндия тұр. Үздік үштікті Ресей қорытындылады (4050 ұпай).

Үздік ондыққа АҚШ, Германия, Швеция, Швейцария, Чехия, Словакия және Латвия кірді.

Бұған дейін 2027 жылғы хоккейден әлем чемпионатын ұйымдастыратын ел анықталғанын хабарлағанбыз

Халықаралық хоккей федерациясының жыл сайынғы конгресінде сайлаушылардың басым дауысымен чемпионатты өткізу құқығы Германияға берілді. Германиямен бірге әлемдік біріншілікті ұйымдастыру құқығына Қазақстан да таласқан. Алайда дауыс берушілердің 75%-і Германияны қолдаса, қалған 25%-і Қазақстанға дауыс берген. Бастапқыда Норвегия да турнирді өткізуден үмітті болған, бірақ қаңтарда өтінішін қайтарып алды.

2023 жылғы әлем чемпионаты Финляндия мен Латвияда, 2024 жылы жарыс Чехияда, 2025 жылы Швеция мен Данияда, 2026 жылы Швейцарияда өтеді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: