Қазақстан Қатарға әскери полигонын пайдалануға береді - Қорғаныс министрлігі

9 Қазан, 16:06 532

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастыққа қатысты сауал қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Келісімшарттың бесінші бабына сәйкес екі мемлекет өздерінің әскери полигондарын қолдануға мүмкіндігі бар. Қазақстанда не көп? Полигон көп. Бірақ Қатарда полигон жоқ. Бір ғана Аль-Удейд деген әскери база. Біріншіден, айтыңызшы, Қатарда қандай әскери полигон бар? Екіншіден, Қатар армия жоқ. Ол жақта 85 пайыз шетелдіктерден тұратын армия. Бұл келісімшартты бекітсек, ертенгі күні ҰҚШҰ-ның шартымен қалай ұштасады?, - деді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев жауап берді.

Бізде олардың полигонын қолдану деген мақсат жоқ. Керісінше, біздің полигонды Қатар мемлекетінің әскери қызметшілеріне қолдануға береміз. Екінші сұрақ бойынша, бізде қарама-қайшы келмейді. Айта кеткендей, 20 елмен келісімшартқа қол қойылып қойған. Сондықтан мұнда ондай мәселе жоқ деп ойлаймын,- деп жауап берді.

Қорғаныс министрілігі өкілінің жауабына көңілі толмаған депутат Бақытжан Базарбек ресми өкілге бапты қайта оқуын сұрады.

Иә, дұрыс. Бірақ менің айтып отырғаным біз жақын арада Қатар мемлекетінің әскери полигонын қолдану жоспарымызда жоқ. Керісінше, біз өзіміздікін пайдалануға беріп отырмыз. Бұл тұрғыда Қатар мемлекеті полигонды жандандыруға қаражат бөледі, - деп түсіндірді Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.

Сонымен қатар Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Қазақстан мен Қатар арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімшарт ҰҚШҰ-мен келісімге ешқандай қайшы емесін атап өтті. Сөзінше, ҰҚШҰ-ға мүше әр ел өзіндік мүдделеріне қарай екі жақты келісім жасауға мүмкіндігі бар. Айта кетейік, Мәжіліс Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Миражан Махан
Бөлісу: