Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жаңа брендінің таныстырылымы мен жаңа маусымының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Футбол саласындағы мамандар мен БАҚ өкілдеріне Лиганың жаңа атауы – QFL (Qazaqstan Football League), жаңартылған логотип және «Футболмен бірге» (футболмен бірге) ұраны таныстырылды. Ауқымды іс-шара елордамыздағы ҚР Президенттік орталығында ұйымдастырылды.
Заманауи көрнекілік пен лаконикалық үлгідегі логотипте Республикамыздың дәстүрлі рәміздеріміздің бөліктері бар. Мемлекеттік тудың түстері де қамтылған. Мысалы, тәуелсіз Қазақстанның басты символдарының бірі —бүркіт Q әрпімен бейнеленген. Осылайша жаңа логотип лиганың ауызбіршілігін білдіреді.
Біздің лигамен бірлескен жұмысымыз футбол бизнес индустриясын құруға бағытталған, онда футбол — демеушілер мен инвесторлар үшін қызығарлық актив, халық үшін әлеуметтік маңызы бар өнім және халықаралық деңгейде мемлекет үшін мақтаныш болуы керек. Бүгінгі таңда лига өзінің алдында тұрған міндеттерді орындауға және стратегияның барлық тармақтарын жүзеге асыруға қауқарлы. Бұл шынайы және қол жеткізуге болатын мақсаттар», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов.
Бренд пен логотиптен басқа Республикамызда футболды дамытуға бағытталған бірқатар жобалар ұсынылды. Жобалар небәрі 9 айда әзірленді, олардың кейбіреулері елімізде бұрын-соңды болмаған. Мысалы, Лига кубогы және Әйелдер лигасы сынды жаңа турнирлердің жүзеге асатындығы жарнамаланды. Бірінші турнирге 16 отандық клуб қатысады, олар тек беделді кубок үшін ғана емес, сонымен қатар отандық футбол тарихындағы ең ірі жүлде қорын да сарапқа салады. Бұл 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, Әйелдер лигасының ашылуына ерекше назар аударылды, онда еліміздің 5 өңірінен 6 клуб өздерінің қатысатындығын растады.
Футболмен бірге — бұл біздің ұранымыз, өйткені лига футболды дамытуға бағытталған барлық міндеттерді жүзеге асыруда мемлекетпен, демеушілермен және жанкүйерлердің адал армиясымен тығыз байланысы қажет. Мен Қазақстанда туып-өстім, бұл менің отаным және клубтардың маған және командама біздің лиганы дамыту жөніндегі осындай маңызды миссияны сеніп тапсырғаны мен үшін үлкен құрмет. Біз үшін отандық футбол, бір жағынан, заманауи, серпінді дамып, ең үздік еуропалық лигаларының футбол индустриясында ойлап табылған барлық жақсы дүниелерін сіңіріп, сонымен қатар өзіндік бірегейлігін сақтап қалуы өте маңызды. Үш жыл ішінде біз бірқатар жобаларды жүзеге асырып, лигамызды халықаралық деңгейге өсіруіміз қажет, - деді Qazaqstan Football League президенті Рафаэль Гарибян.
Сонымен қатар тұсаукесер қонақтары жаңа QFL сайтының іске қосылуы мен әлеуметтік желідегі лиганың жаңартылған беттеріне куә болды. Іс-шарада жаңа маусымнан бастап, ойындардың эфирлік сапасы айтарлықтай жақсаратыны мәлімделді. Тікелей эфирлерді өндіру үшін кәсіби бейнекамералар саны ұлғайтылды, жаңа графикалық пакет енгізілді, арнайы медиа платформа әзірленуде және жақын арада жаңа Q-Football телеарнасы қосылады. Сондай-ақ, кеш соңында барлық қатысушыларға жаңа демеуші «Wildberries» компаниясымен бірлесіп әзірленген QFL ресми добы көрсетілді.
Qazaqstan Football League-ның даму әлеуеті зор. Біз жаңа брендті ғана емес, сонымен қатар маркетингтік стратегияны да ұсындық. Біздің іс-әрекеттеріміз лиганың барлық өнімдерінің коммерциялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Біздің команданың жұмысы алғашқы нәтижесін беріп те үлгерді. Осы маусымда лигамыз дәстүрлі демеушіміз әрі бұрыннан бергі серіктесіміз «OLIMPBET-тен» бөлек, жаңа «1ХВЕТ» және «Wildberries» демеушілерімен келісімшарт жасасты. Біз жаңа логотип әлемдік футбол қауымдастығындағы лиганы сәйкестендірудің маңызды символына айналады деп сенеміз, бірақ одан да маңыздысы – ұлттық біріншілік үшін ол қазірдің өзінде QFL брендінің қолдауымен лиганың барлық өнімдерін біріктіретін дүние саналады, - деді Qazaqstan Football League вице-президенті Эдуард Синельников.
Естеріңізге сала кетейік, 1 наурыздан бастап, Qazaqstan Football League брендімен Премьер-Лиганың жаңа маусымы басталады.