Қазақстан парламентшілері ТүркПА отырысында экология мәселелерін талқылады

6 Маусым, 19:12 445

Әзербайжан астанасында түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) ХІІІ пленарлық отырысы және Ассамблея Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараларға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы қатысты.

Түркі мемлекеттері парламенттері басшыларының бүгінгі кездесуі «Түркі Әлемі алдындағы жасыл көкжиектер: жасыл күн тәртібіне қол жеткізудегі парламенттердің рөлі» тақырыбына арналды.

Сапар Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің парламенттер делегацияларының басшыларымен кездесуінен басталды. Әзербайжан басшысы түркі мемлекеттерінің табысты интеграциясындағы заң шығарушы органдардың рөлін атап өтті. Мәжіліс спикері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен жылы лебізін жеткізді.

Бүгінде Қазақстан мен Әзербайжан байланысыүлгі боларлық деңгейде. Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Сіздің араларыңыздағы тығыз сенімді диалог біздің табысты ынтымақтастығымыздың кепілі. Қазақстан мен Әзербайжан парламенттері де осындай сенім мен ынтымақтастық рухында жұмыс істеп жатыр деп сеніммен айта аламын, – деді Ерлан Қошанов.

ТүркПА Кеңесінің отырысында Ұйымға төрағалық етуді Әзербайжан Республикасының Милли Мәжілісі қабылдады.

Пленарлық сессияда сөз сөйлеген Ерлан Қошанов ТүркПА Қазақстанның бастамасымен түркі бірлігін нығайту үшін парламенттік алаң ретінде құрылғанын атап өтті. 15 жылдан бері ұйым бұл миссияны сәтті орындап келеді.

Жиын тақырыбының өзектілігіне тоқталғанМәжіліс спикері жасыл энергетикаға көшу және көміртегі бейтараптығы Ұйымға қатысушы елдер үшін климаттық күн тәртібіндегі ортақ мақсат екенін  атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстан климат бойынша халықаралық шарттар міндеттемелеріне қол жеткізуге бағытталған жұмысты жүргізуде. Мәселен, былтыр 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы бекітілді.Су және Салық кодекстері әзірленуде. Онда «Жасыл күн тәртібі» ескерілуде. Парламент бұл жұмысқа толығымен атсалысуда, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы «Жасыл Қазақстан» ұлттық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат берді. Оның аясында экожүйені қорғау бойынша ауқымды жобалар қолға алынғанын айтып, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі Әзербайжанның бастамаларына қолдау білдірді. Осыған байланысты Ерлан Қошанов Әзербайжанға биыл қараша айында Бакуде өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы (COP29) тараптарының 29-конференциясының табысты өтуін тіледі.

Сонымен бірге Мәжіліс спикері жасыл экономика тауарлары мен қызметтерінің стандарттарына ортақ көзқарас қалыптастыру қажеттігіне назар аударды.

Кездесуде тараптар ТүркПА елдеріне арналған бірқатар модельдік заң қабылдау мәселесін де талқылады. Олардың қатарында жеке деректерді қорғау, еңбек нарығының талаптарына сай кадр даярлау, сауда өкілдіктері, айналымға шығарылатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасы және темекі өнімдерін пайдалануды шектеу туралы заң жобалары бар.

Ассамблеяның XIII отырысы алаңында негізгі сессиядан бөлек депутаттардың қатысуымен парламентші әйелдердің, жастар тобының, сондай-ақ ТүркПА аясындағы Парламент аппараттары басшыларының кездесулері өтті.

ТүркПА-ның XIII пленарлық отырысының қорытындысы бойынша қатысушылар Баку декларациясын қабылдады.

Сондай-ақ отырыс күні парламенттер спикерлері Әзербайжан ұлтының көшбасшысы Гейдар Әлиевтің рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Зарина Арман
Бөлісу: