Қазақстан онлайн қызметтер бойынша әлемде 8-орында тұр

3 Ақпан, 14:14 797

«Цифрлық Алматы-2024» алаңында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин форумның алғашқы екі күнінің қорытындысы бойынша брифинг өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Цифрлық даму министрлігінің басшысы Қазақстан онлайн қызметтерді дамытуда әлем бойынша 8-орында тұрғанын атап өтті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша онлайн режимінде 50 млн қызмет көрсетілді, азаматтар қызметтің 92% - ын үйден шықпай-ақ ала алады.

Қазір бізде электронды үкіметтің мықты экожүйесі қалыптасты, оған мемлекеттік порталдармен қатар банк қосымшалары еніп, басқа да қызмет түрлері, стартаптар қосыла бастады. Мемлекет атынан өнімдер мен қызметтерді құруға арналған көптеген құралды ұсынамыз. Govtech көшбасшыларының бірі ретінде өз құзыретімізбен, тіпті дайын өнімдерімізбен бөлісуде жауапкершілікті сезініп отырмыз, - деді Бағдат Мусин.

Алғашқы екі күннің қорытындысы бойынша «Digital Almaty-2024» форумына 20 мыңнан астам адам қатысты. Соңғы күні IT-сала сарапшыларының қатысуымен 14 панельдік сессия өткізу және 4 меморандумға қол қою жоспарланған.

Форум аясында Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстан Үкімет басшыларының қатысуымен ЕАЭО пленарлық отырысы өтті. Премьер-Министр Әлихан Смайылов өз сөзінде жасанды интеллект, роботтандыру технологияларының қарқынды дамуына, сондай-ақ адам өмірі процестерінің цифрлық трансформациясына куә болып отырғанымызды айтты.

Өткенді еске алсақ құжаттарды қағаз түрінде алу үшін көп уақыт жұмсауға тура келетін. Бүгінде цифрландыру осы процестердің барлығын жеңілдетті. Қазір мемлекеттік қызметтің 90% - дан астамы электронды форматта. Отбасының цифрлық картасының арқасында 6,3 млн отбасының деректері цифрландырылды. Жалпы мемлекеттік қызметтердің 40 түрі проактивті форматта көрсетіледі, - деп атап өтті Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов Қазақстанның цифрлық әлемдегі «Жібек жолының» негізгі қатысушысы болудағы жоспарларын бөлісті. Білікті IT-кадрлар мәселесін шешу үшін «TechOrda» бағдарламасы іске қосылды. Ол 18 жастан 45 жасқа дейінгі адамдарға қысқа мерзімде жаңа IT-мамандықты оқуға мүмкіндік береді. Бүгінде 6 мыңнан астам адам IT-білім алған.

Оған қоса форумда 29 панельдік сессия өткізілді. Іскерлік бағдарламаға барлығы 300-ге жуық спикер қатыспақ, оның 70-і шетелдік сарапшылар. Біршама сессияға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысты.

Қорғаныс, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім, сондай-ақ Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрлері мемлекеттік сектордағы қызметтерді автоматтандыру жетістіктерін бөлісті. Бүгінде қазақстандықтардың үйден шықпай-ақ ЖОО-ға құжат тапсыруға, білім алу себебінен армияны кейінге қалдыруға, жұмысқа орналасуға, емханаға жазылуға, жылжымайтын мүлікті тіркеуге, цифрлық ипотека ресімдеуге және т.б. мүмкіндігі бар.

Панельдік сессиялар барысында шетелдік сарапшылар цифрлық трансформация тәжірибесімен алмасты. Олардың қатарында Қырғыз Республикасының Цифрлық даму министрі Нұрия Кутнаева, Сьерра-Леоне Үкіметінің Байланыс, технологиялар және инновациялар министрі Салима Бах, Сингапур технологиялық институтының профессоры Якоб Ибраһим, Стратегия және инновациялар жөніндегі директор, "Халықаралық коммерциялық банк" венчурлік банкінің (БАӘ) басшысы Джованни Эвердуин, Сауд Арабиясы Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігінің стартаптарды қолдау жөніндегі бас менеджері Мұхаммед Аларифи, БҰҰ Даму бағдарламасының цифрлық директоры Роберт Опп бар.

Сондай-ақ, форум жұмысына TusHoldings, TusPark аға атқарушы вице-президенті Хеберт Хонгбо Чен, T-Hub (Үндістан) бас операциялық директоры Аниш Энтони, Президент Әкімшілігі жанындағы Иран прогресс және даму орталығының халықаралық қатынастар жөніндегі маманы Ахмадиния Масуд және т.б. қатысты.

Цифрландырудағы жетістіктер туралы қазақстандық сарапшылар да айтты. Оның ішінде Freedom холдингтік корпорациясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов, "Кселл" АҚ Басқарма төрағасы Асхат Өзбеков, White hill Capital бас директоры Аслан Сұлтанов, тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец және т.б. бар.

Іс-шара қонақтарына арналған пікірталас алаңдарымен қатар 230-ға жуық отандық және халықаралық IT-компаниялардың, сондай-ақ цифрландыру бойынша жетекші халықаралық сарапшылардың цифрлық жобалары ұсынылған көрме жұмыс істейді. Freedom Bank, Yandex, KCell, Tele2 сияқты "жетілген" компаниялармен қатар өз жобаларын Sergek, Target Ai, Awara, Med365, IKOD, DATANOMIX, "Интеллект Сервис", Documentolog, Robotics Education, Alabs, BTS Digital, Axellero, artson Build Invest және т.б. ұсынды.

«Digital Almaty-2024» алаңы серіктестікті алға қою және цифрландыру саласында тәжірибе алмасу үшін зор мүмкіндік болды. Мұнда B2B форматында 60-қа жуық кездесу және жер қойнауын пайдаланушылар мен стартаптар арасында 50-ден астам питчинг өтті.

Sergek Group компаниясының өкілдері Индонезияда бірлескен пилоттық жобаның іске қосылуы жайлы айтты. Қазақстандық мамандар талдау, мониторинг және зияткерлік көлік жүйесі, сондай-ақ экология және жол қауіпсіздігіне қатысты шешімдерді экспорттайды.

Алғашқы екі күнде 30-ға жуық меморандумға қол қойылды. Freedom Holding Corp. Халықаралық Аралды құтқару қорының атқарушы дирекциясымен меморандумға қол қойды. Форум барысында Тимур Турлов «Арал теңізін қолдауға арналған Эко-карта» жобасын ұсынды. Жобаның негізгі идеясы - жойылып бара жатқан теңізді құтқару қорына 10 пайыздық кэшбек аударып отыру.

Binance Қазақстан криптовалюта инфрақұрылымын жеткізуші қазақстандық Biometric.vision жетекші стартапымен меморандумға қол қойды. Енді Biometric.vision технологиясының көмегімен қазақстандықтар тіркеуді жүзеге асырып, жеке басын тексеру рәсімінен физикалық құжаттарды ұсынбай-ақ өте алады.

Форумның соңғы күні «Digital Almaty-2024» алаңында жалпы жүлде қоры $180 000 болатын ең ауқымды Industry 4.0 Startup Battle өтеді. 30 өнеркәсіптік стартаптар Лас-Вегастағы MINEXPO-ға бару сынды баттл серіктестерінің бірқатар жүлдесі үшін таласады.

Жансая Әділбек
Бөлісу: