Қазақстан өңірлерінде 8 наурызға орай әйелдерге қанша теңгеден беріледі

Бүгiн, 14:19 389

Еліміздің бірнеше өңірінде әйелдерге 8 наурызға орай ақшалай төлемдер беріледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана Астана қаласында 8 наурыз мерекесіне орай көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған аналарға 9 830 теңге мөлшерінде бір реттік төлем беріледі. Төлемдер «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының әлеуметтік төлемдер орталығының тізімдері негізінде жүзеге асырылады.

Шымкент Шымкент қаласында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған және І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға 19 660 теңге (5 АЕК) мөлшерінде бір реттік төлем беріледі. 2025 жылдың 1 ақпанындағы дерек бойынша, қалада 67 741 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 13 805 ана мемлекеттік наградалармен марапатталған. Әлеуметтік төлемдер тізімі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының базасынан алынады.

Ұлытау облысы Ұлытау облысында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен басқа да марапатталған аналарға 20 000 теңге көлемінде бір реттік төлем беріледі. Сондай-ақ, төрт және одан көп баласы бар 6 454 көпбалалы отбасыға көмек көрсетіледі.

Шығыс Қазақстан облысы Шығыс Қазақстан облысында 8 наурызға орай «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, сондай-ақ 4 және одан көп баласы бар аналарға 15 000 теңге көлемінде төлем беріледі. Облыста 12 400-ден астам көпбалалы ана тіркелген.

Маңғыстау облысы Маңғыстау облысында 8 наурыз мерекесіне орай мемлекеттік наградаларға ие болған аналарға 7 864 теңге (2 АЕК) төленеді. Бұл көмек 12 686 әйелге беріледі. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға 19 660 теңге (5 АЕК) көлемінде төлем қарастырылған. Жалпы, 33 300 адамға 654,6 млн теңге бөлінді.

Қарағанды облысы Қарағанды облысының әкімдігі 8 наурыз мерекесіне орай нақты қанша төлем жасалатынын нақтыламады. Дегенмен, 32 441 адам әлеуметтік қолдауға ие болады. Төлемдер жергілікті бюджет мүмкіндіктеріне қарай бөлінеді. Сонымен қатар, кейбір аудандарда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына баратын көпбалалы аналарға және мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына материалдық көмек көрсетіледі.

Түркістан облысы Түркістан облысында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Ардақты ана» атағын алғандар мен І, ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға орта есеппен 7 864 теңгеден төленеді. Жалпы, 63 мыңнан астам әйелге 484,8 млн теңге бөлінді.

Петропавл Петропавл қаласында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері және «Батыр ана» атағын алған аналарға 39 320 теңге (10 АЕК), ал көпбалалы аналарға 19 660 теңге (5 АЕК) мөлшерінде бір реттік төлем беріледі. Мұндай көмекті 1 500-ге жуық әйел алады.

Төлемдер Алматы қаласы, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Абай, Алматы, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарында қарастырылмаған.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: