Қазақстан Олимпиада тарихында қанша медаль ұтты

26 Шілде, 20:08 805

Бүгін, яғни 26 шілде күні Франция астанасы Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Еліміз сайдың тасындай жан-жақтан жиналған сайыпқырандарды үкілі үмітпен шығарып салды. Ендігі кезек – солардың бақтары мен баптарында. Жалпы Қазақстан егемендік алған жылдардан бастап Олимпиада Ойындарына 15 рет қатысып, спорттың сан түрінен сынға түсті. Осы ретте  Олимпиада ойындарында еліміз қанша медаль алдық, қаншасы алтын, қанша рет көк Туымыз желбіреп, неше рет Әнұранымыз шарықтады? Шолу жасап көрейік.

 Еліміздің спортшылары ең алғаш 1992 жылы Барселонаға аттанды (Испания), бірақ олар онда Біріккен команда құрамында өнер көрсеткен болатын. Ал ең алғаш рет Қазақстан жеке ел ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллихаммер қаласында өткен Қысқы Олимпиада сынға түсті. Сол жолы Владимир Смирнов шаңғымен классикалық әдіспен 50 шақырымға жүгіруден чемпион атанды. Сонымен бірге ол 10 және 15 шақырым қашықтыққа жүгіруден қос күмісті ел қоржынына салды. Бұл Қазақстанның Қысқы Олимпиададағы ең алғашқы және әзірге соңғы айтулы табысы болып отыр. 

Қазақстан спортшылары 1996 жылы тұңғыш рет Атлантада (АҚШ) өткен олимпиадаға қатысты. Қазақстандықтар бұл бәсекеде жалпы 11 медаль олжалап, 196 мемлекеттің ішінде 22-ші орынға тұрақтады. Бұл шын мәнінде әлемдік ойындарға тәуелсіз мемлекет ретінде және өз алдына құрама команда жасақтап қатысқан жас мемлекет үшін үлкен жетістік  еді. Грек-рим күресінен Юрий Мельниченко 57 келіде чемпион атанса, бокстан 81 келіде Василий Жиров алтыннан алқа тағынды. Балқаштық спортшы үздік боксшыға берілетін Баркер кубогына ие болды. Бессайыстан Александр Парыгин жекелей сында Олимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдеге боксшы Болат Жұмаділов, ауыр атлет, марқұм Анатолий Храпатый және мылтық атудан Сергей Беляев қос медальды қанжығаға салды. Атлантаның қоласын иеленген қазақстандықтар қатарында боксшылар Ермахан Ыбырайымов пен Болат Ниязымбетов, еркін күрес балуаны Мәулен Мамыров, мылтық ату шебері Владимир Вохмянин бар. Қазақстан осылайша 3 алтын, 4 күміс, 4 қола алып қайтты. Қазақстан құрамасы 96 спортшыдан тұрды, олардың ішінде 72 ер азамат, 24 әйел болды.

1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында өткен Қысқы Олимпиада Қазақстан спортшылары үшін қос қоламен аяқталды. Павлодарлық конькинші Людмила Прокашева әйелдер арасында 5 000 метрге жүрігуден қоланы қанағат тұтса, белгілі спортшы Владимир Смирнов шаңғымен еркін әдіс бойынша 15 шақырымға жүгіруден үшінші орынға қол жеткізді. 

2000 жылғы Австралия астанасы Сиднейде өткен Жазғы Олимпиада ойындары да біз үшін табысты болды. Қазақстан онда 130 спортшымен (86 ер, 44 әйел) барды, нәтижесінде құрама қоржынына 3 алтын, 4 күміс, жалпы 7 медаль түсті. Бұл жолы да шаршы алаңның шеберлері көш бастады, әуесқой бокстан Бекзат Сәттарханов пен Ермахан Ыбырайымов алтын алып, олимпиада чемпионы атанса, Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков күміске қол жеткізді. Ал жеңіл атлетикадан Ольга Шышыгина бәрінен жүйрік атанып, алтын медаль тақса, велоспорттан Александр Винакуров, еркін күрестің палуаны Ислам Байрамуков Сиднейдің күміс жүлдегерлері атанды.

2002 жылғы АҚШ-тың Солк-Лейк-Сити қаласында Қысқы Олимпиада Ойындары біздің спортшылар үшін жүлдесіз аяқталды. 

2004 жылы Афиныда өткен Жазғы Ойындарда Қазақстан ел атынан 119 спортшы аттанды. Бұл жолы тек 8 спортшы ғана жүлдеге қол жеткізді. Грекия астанасына спортшылар 17 спорт түрі бойынша бақтарын сынады. Алғаш Ұлттық олимпиада комитеті бастап барған байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы қатысушы мемлекеттер арасында 40-шы орынға тұрақтады, бұл өткен олмпиадамен салыстырғанда 18 сатыға төмен. Дегенмен, бұл жолы да бокс пен күрестің майталмандары биіктен көрінді. Олардың ішінде бокстан Бақтияр Артаев Олимпиада алтынына қол жеткізіп, үздік боксшыға берілетін Баркер кубогына ие болды. Бұл Қазақстан спорты тарихындағы ерекше оқиғаға баланған жайт еді. Күміс жүлдеге боксшы Геннадий Головкин, грек-рим күресінен Георгий Цурцумия, еркін күрес балуаны Геннадий Лалиев ие болды. Онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің шебері Мхитар Манукян Афины Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. 

2006 жылы Италияның Турин қаласында өткен Қысқы Олимпиада Ойындары Қазақстан спортшылары үшін жүлдесіз аяқталды. 67 спортшымыз қатысқан бұл сындағы үздік нәтиже командалық спринт бойынша 6 орын болды. 

Бейжің-2008. Қазақстан құрамасы Қытай астанасында өткен олимпиадада спорттың 22 түрінен өнер көрсетті, қатысушылардың жалпы саны 132 адамнан тұрды. Бұл жолы Қазақстан жалпыкомандалық есепте 29-шы орынға көтеріліп, ел спортшылары 2 алтын, 4 күміс, 7 қоламен оралған еді. Ал араға уақыт салып 5 спортшы допинг дауына байланысты медальдарынан айырылды. Қытайдағы бәсекеде алтын медаль иеленген спортшымыздың бірі боксшы Бақыт Сәрсекбаев болды. Ауыр атлет Анна Важенинаға Олимпиада алтыны бірнеше жылдан кейін бұйырды. Ол Бейжіңде күміс алғанымен кейін чемпион атанған спортшы допингтен ұсталған соң ресейлік легионерге алтын медаль бұйырды. Асхат Житкеев дзюдодан финалға шығып, моңғол балуанына есе жіберіп күміспен оралды. Ал қола жүлдегер атанған жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен грек-рим күресінің балуаны Нұрбақыт Теңізбаев қола жүлдегер атанғанымен, кейін қарсыластарының допинг дауына ілінуіне байланысты халықаралық олимпиада комитеті тарапынан күміс жүлдегер деп танылды. Ал Қытайдағы Ойындардан қола жүлде таеквондошы Арман Шылманов пен боксшы Еркебұлан Шынәлиевке, әйелдер күресінің балуаны Елена Шалыгина мен еркін күрес балуаны Марид Муталимовке бұйырды.

2010 жылы Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиада Ойындары Қазақстан үшін биатлоншы Елена Хрусталеваның жалғыз күмісімен тәмам болды. Канадағы додаға 37 спортшы аттағанымен, үмітті тек Ресейден келген легионер ғана ақтады. 

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиаданың дуын Қазақстан халқы бірнеше жылға дейін ұмытыа алмай, әсерінен арыла алмады деуге болады. Бұл сында спортшыларымыз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль иеленіп, айды аспанға шығарған еді. Алайда кейін ауыр атлеттеріміздің допинг қолданғаны анықталған соң 4 алтын медальды кері қайтарып беруге мәжбүр болды. Лондонда Қазақстан атлеттерінен бокстан Серік Сәпиев, велошабандоз Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова жеңімпаз атанды. Жалғыз күміс жүлде 81 келіде шаршы алаңға шыққан боксшы Әділбек Ниязымбетовке тиесілі. Ал қола жүлдегерлер арасында еркін күрес балуаны Ақжүрек Таңатаров, грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, әйелдер күресінен Гюзель Манюрова, боксшылар Иван Дычко мен Марина Вольнова есімі аталды. Сонымен бірге, еркін күрестен Дәулет Шабанбай араға жылдар салып Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері деп танылды. Себебі, оның салмағындағы Олимпиада чемпионы мен күміс жүлдегері допингпен айыпталып, дәлелденді. 

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиададан Қазақстан құрамасына тек жалғыз қола бұйырды. Мәнерлеп сырғанаудан марқұм Денис Тен үздік үштікке еніп, қазақстандық жанкүйлерді қуантты. 

Рио-Де-Жанейро. Қазақстан 2016 жылы Бразиялияда өткен жазғы Олимпиада ойындарына 104 атлетті аттандырды, олар спорттың 17 түрінен сайысқа түсті. Әлемдік бәсекенің қорытындысы бойынша ұлттық құрама толағай табыстарға жетіп, олар жеңіп алған медальдар саны бойынша өзіндік рекорд жасады. Қазақстан бұл жолы 18 медаль, оның ішінде 3 алтын, 5 күміс, 10 қола ұтып алды және жалпыкомандалық бейресми есепте 22 –ші орыннан көрінді. Алғаш болып алтынға суда жүзуші Дмитрий Баландин қол жеткізсе, одан кейін ауыр атлет Ниджад Рахымов олимпиада чемпионы атанды. Көп ұзамай былғары қолғап шебері Данияр Елеусінов қарсыластарның бәрін айқын басымдықпен ұтып, еліміздің әнұранын шырқатып, олимп шыңына шықты. Күміс жүлдені дзюдошы Елдос Сметов, ауытр атлетикадан Жәзира Жаппарқұл, әуесқой боксшылар Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов, күрестен Гюзел Манюрова қанжығасына байлады. Қолаға қол жеткізгендердің қатарында қыздар арасында бәсекеге түскен дзюдошы Галбадрах Отконцэцэк, ауыр атлетикадан ерлер арасында Фархад Харки, Александр Зайчиков, әйелдер арасында Карина Горичева, жеңіл атлетикадан әйелдер арасында Ольга Рыпакова, еркін күрестен Эльмира Сыздыкова, Екатерина Ларионова, бокстан Иван Дычко, бокстан әйелдер арасында сынға түскен Дариға Шакимова болды. Қазақстан құрамасында алтын, күміс, қоладан бөлек екі төртінші орын, бесінші орын алған алты адам болды.

2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчханда өткен Қысқы Олимпиада Ойындарында қазақстандық фрийстал шебері Юлия Галышеваның жалғыз қоласымен аяқталды. 

2020 жылы өтуі тиіс болған Токио Олимпиадасы әлемді шарпыған пандемия салдарына араға бір жыл салып өтті. Қазақстан үшін Токио-2020 олимпидасы тосын тартуларға толы болды. 19 спорт түрінен 93 спортшы қатысқанына қарамастан ұлттық құрама Жапониядағы жазғы ойындарда тәуелсіздік жылдары болмаған ең төменгі нәтижені көрсетті. Қазақстандық спортшылар қанша жерден намысқа тырысқанымен қола медальдан аса алмады. Бұл Қазақстан тарихында алтын мен күміс бұйырмаған алғашқы олимпиада болды, оның ішінде боксшылар алғаш алтынсыз оралды. Олимпиада нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы 8 қола медаль алып, 83 орынға тұрақтады. Ел қоржынына қола салғандар: дзюдадан Елдос Сметов, ауыр атлетикадан, Игорь Сон, әйелер арасында Зульфия Чиншанло, бокстан Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, еркін күрестен Нұрислам Санаев, каратэден Дархан Асаділов, каратэден әйелдер арасында Софья Берульцева.

2022 жылы Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада Ойындарын Қазақстаннан 34 спортшы жолдама иеленген еді. Алайда олардың арасында шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің төртінші орынға тұрақтауы ең жоғарғы жетістігіміз болды. 

Қазақстан медаль саны посткеңестік елдер арасында нешінші орында?

Жалпы постсоветтік елдердің спортшылары тәуелсіздік жылдары жазғы олимпиада ойындарынан 1 009 медаль еншілеген (1996-2020).

  1. Ресей: 167+154+173=494;
  2. Украина: 35+36+68=139;
  3. Қазақстан: 14+22+35=71;
  4. Беларуссия: 13+30+42=85;
  5. Грузия: 10+12+18=40;
  6. Өзбекстан: 10+6+20=36;
  7. Әзербайжан: 7+14+28=49;
  8. Литва: 6+7+13=26;
  9. Латвия: 4+9+5=18;
  10. Эстония: 4+3+8=15;
  11. Армения: 2+8+8=18;
  12. Тәжікстан: 1+1+2=4;
  13. Қырғызстан: 0+3+4=7;
  14. Молдова: 0+2+4=6;
  15. Түркменстан: 0+1+0=1.

Түйін: Биыл Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы олимпиадаға баратын Қазақстан командасы әзірге 25 спорт түрінен 83 лицензия алды. Еліміздің спортшылары осы жолы неше алтын, күміс және қола медаль алуы мүмкін? Жалпы, Олимпиададан жүлде алғандарға сыйақы беруден Қазақстан әлем бойынша алғашқы бестікке енеді. Алтын үшін 250 АҚШ доллары, күміс жүлдегерге 150 мың АҚШ доллары және қола медаль иесіне 75 мың АҚШ доллары табысталады. Не десек те, ел намысын қорғайтын спортшыларымызға сәттілік тілей отырып, Көк Туымыздың көкте желбіреуіне тілектеспіз.

Наурызбек Сарша
Бөлісу: