Пайдалы қазбаларды тұрақты өндіру жүйесін құру көмірқышқыл газының қоршаған ортаға әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Осындай маңызды іспен Қазақстан мен Жапония зерттеушілері айналысуда. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі экологиялық таза кен өндіру саласын дамытуға бағытталған ғылыми жоба туралы біліп қайтты.
«Табиғи ресурстарды тұрақты игеруге арналған жаңа буынның Smart Mining Plus кен өндірісі» деп аталатын жоба Қазақстанның тау-кен өнеркәсібіне экологиялық қауіпсіз және технологиялық жетілдірілген шешімдерді енгізуге бағытталып отыр. Жобаны Назарбаев университетінің профессоры Фиделис Суоринени мен Хоккайдо университетінің профессоры Эхеем Кавамура жүзеге асыруда. Жоба Жапония үкіметінің SATREPS атты беделді бағдарламасы аясында 3,2 миллион доллар көлемінде қаржыландырылды. Сондай-ақ жоба Жапонияның дамушы елдермен бірлесіп іске асырып жатқан он үздік халықаралық ғылыми бастамаларының қатарына енді. Қазақстан 56 елдің қатарына қосылып, бағдарламаға алғаш рет қатыспақ ниетте.
Қазақстан әлемде табиғи ресурстар қоры бойынша алтыншы орында. Оның ішінде сирек кездесетін және стратегиялық маңызды металдар да бар. Алайда тау-кен жұмыстары салдарынан судың ластануы мен CO₂ шығарындылары секілді экологиялық мәселелер туындауы мүмкін. Десе де сандық технологиялар, мониторинг пен экологиялық инжинирингті біріктіру арқылы бұл жағдайды өзгертуге болады.
Жоба аясында заманауи технологиялық шешімдер енгізілмек. Оның ішінде кен орындарының цифрлық егіздері мен экологиялық бақылау жүйелері бар. Осы бастама аясында AVIE атты панорамалық виртуалды шындық жүйесін және электрондық зондтық микроанализатор (EPMA) құрылғысын енгізу жоспарланып отыр. Бұл құралдар ғылыми-зерттеу және білім беру мақсатында пайдаланылып, студенттер мен магистранттарға заманауи технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады.
Жапония – кен өндіру технологияларының жаһандық орталығы болса, Қазақстан – жоғары технологиялық өндірістерге қажетті ресурстардың негізгі жеткізушісі. Осы күштерді біріктіру тұрақты даму қағидаттарына және заманауи нарық талаптарына сәйкес келетін инновациялық өндіру әдістеріне жол ашады, - деп түсіндірді профессор Суоринени.
Сондай-ақ, жоба студенттер мен оқытушылардың білім алмасуын қамтамасыз етеді. Жыл сайын жапон студенттері Қазақстанға келіп, екі-үш апталық бағдарламаларға қатысады. Ал қазақстандық аспиранттар мен оқытушылар Хоккайдо және Акита университеттерінде тәжірибеден өтіп, зерттеулер мен халықаралық ғылыми семинарларға белсене атсалысады.
Профессор Суоринени атап өткендей, профессор Кавамурамен әріптестік 2013 жылы Австралияда бірге жұмыс істеген кезден басталған. Жеке сенім мен ортақ ғылыми ұстаным көпжылдық ынтымақтастықтың негізі болып, өз кезегінде оны ауқымды халықаралық жобаға айналдырды.
Smart Mining Plus жобасы Қазақстанның жаһандық ғылыми кеңістіктегі орнын күшейтіп қана қоймай, қауіпсіз, тұрақты және технологиялық жетілдірілген кен өндіруге жол ашады. Ғалымдардың айтуынша, бұл - табиғи ресурстарды болашақ ұрпақтың игілігі үшін ұтымды пайдалануға жасалған үлкен қадам.