Қазақстан мен Вьетнам азаматтары жазасын өз елдерінде өтей алады

2 Қазан, 11:20 519

Мәжіліс Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, құжатқа 2023 жылы 21 тамызда Ханойда қол қойылды.

Келісім Вьетнамда қылмыс жасағаны үшін сотталған қазақстандықтарға жазасын Қазақстанда өтеуге мүмкіндік береді. Бұл сотталғандарды оңалту және өз ұлтының қоғамына интеграциялау үшін қолайлы жағдай туғызады. Вьетнамдықтар да осындай мүмкіндікке ие болады.

Биыл мамыр айынан бастап қазақстандықтар үшін Вьетнаммен туристік виза алынып тасталды. Сондықтан бұл елге туристер ағынының өсу динамикасы болжанып отыр. Бұл ретте қазақстандық туристердің құқық бұзушылық жасауы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды, - дейді бас прокурорының орынбасары.

Қазірдің өзінде 23 мемлекетпен осындай келісім жасалған. Статистикалық деректерге сүйенсек, сотталғандардың мүдделерін қорғау саласындағы халықаралық тәжірибе оң нәтиже көрсеткен. Өзге де келісімдерге сәйкес, соңғы төрт жылда 160 азамат Қазақстанға, 260-тан астам шетелдік Қазақстаннан өз отанына қайтарылған.

Миражан Махан
Бөлісу: